Қазақстандағы адам саудасы. ІІМ «тірі тауардың» бағасын атады

28 Қыркүйек 2020, 16:31
2007
Бөлісу:
Қазақстандағы адам саудасы. ІІМ «тірі тауардың» бағасын атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы сегіз айда елімізде адам саудасына қатысты 64 қылмыстық іс қозғалып, 28 адам жауапқа тартылды. 

Бұл туралы бүгін «Адам саудасы құрбандары мен еңбек мигранттарының құқығы» тақырыбында өткен онлайн брифинге Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаментінің аға жедел өкілі Шынар Көшербаева мәлім етті.

Оның айтуынша, адам саудасына қатысты жылына орташа 200 қылмыстық іс тіркеледі. Соңғы жылдары ішкі адам саудасымен қатар, отандастарымызды Бахрейн корольдігі, Корея, Түркия, БАӘ елдеріне сату фактілері де тіркеліп, оларды жөнелту каналдары анықталған. 

Адам саудасы – бұл бір адам жасайтын қылмыс емес, бұл бүтін бір тізбек. Онда сатушы бар, пайдаланушы бар. Елде мәжбүрлеп жұмыс істетуді алсақ, адамдарды негізінен шаруа қожалықтарында, жайлауда тегін жұмыс күші ретінде пайдаланады. Егер жыныстық эксплуатацияға келер болсақ, қыздарды қалаларға әкеліп, қонақ үй, монша, сауна сынды жерлерде қызмет көрсетуге мәжбүрлейді, - деді ол.

Сондай-ақ, ол адам саудасындағы орташа баға жөнінде де мәлімет келтірді.

Бағалар әртүрлі. Мысалы, жыныстық эксплуатация үшін 50 мың теңгеден бірнеше мың долларға дейін. Жаңа туған сәбилер саудасы – 2-3 мың доллар көлемінде. Пәтерге, көлікке айырбастап жататындар да бар, - деді ол.

2016 жылдан бері еліміздің әр облысында адам саудасының құрбандарын қолдауға арналған кризистік орталықтар бар. Олардың жұмысын үкіметтік емес ұйымдар атқарады.

Алайда, бүгінгі күні Қазақстан аталмыш орталықтарда елімізге уақытша келген еңбек мигранттарын да, қиын жағдайға тап болған азаматтарды қабылдай алмайды. Көп жағдайда қиындыққа олардың қолында құжаттары, ақшалары болмайды. Бір сөзбен айтқанда олар өз проблемасымен өздері қалады. Оның тұлғасын анықтауға бір апта уақыт беріп, сол аралықта оларды орталықта паналауға жағдай жасауымыз керек, - деді ол.

Оның ойынша, Қазақстан адам саудасына қарсы Еуропа кеңесінің конвециясын ратификациялау қажет. 

Сонда елге өзге мемлекеттен келген еңбек мигранттарына реабилитацияға бір ай бойы уақыт беріледі. Оның тұлғасы анықталып, нендей жағдайға тап болғаны белгілі болады, өзі де бір шешімге келеді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы