Кеудесін оққа тосқан жүректі полицей

19 Маусым 2019, 15:12
4650
Бөлісу:
Кеудесін оққа тосқан жүректі полицей
PHOTO

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылордалық полицей Талғат Қозыбаев кеудесін оққа тосып, ауыл тұрғынының өмірін сақтап қалады.

Ерлікпен қаза тапқан сақшының әріптесі, Қызылорда облыстық полиция департаментінің бөлім басшысы Хұсайын Қоразбаев оқиға 2003 жылы 9-шы наурызға қараған түні сағат 3:00 шамасында болғанын айтады. Бұл кезде Талғат Қозыбаев Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полиция инспекторы болып қызмет ететін.

«Талғат пәтер жалдап тұратын. Түн жарымда үйіне ауылдасы келіп, біреудің өзін ұрып-соққанын айтып шағымданады. Сөйтіп, жәбірленушіден түсініктеме алып отырғанда қылмыскер ентелеп кіріп келеді. Ол жәбірленушіден арызын қайтарып алуды талап етіп, қолындағы қаруын көтереді де ауылдасын атпақ болады. Сол сәтте Талғат оның қаруын тартып алмақ болып әрекеттенеді. Алайда ол атып үлгереді. Қылмыскер мылтығын қайта оқтап, қаруын тағы жәбірленушіге кезейді. Енді ата бергенде Талғат жәбірленушіні кеудесімен жауып қалады, осы кезде оқ екінші рет тиіп, полицей шейіт кетеді. Сараптаманың қорытындысынан білдік, екінші оқ Талғаттың басына тигендіктен жан тәсілім еткен. Егер қылмыскерге жалынып, тірі аман қалдыруын сұраса, бірінші оқтан кейін тірі қалар еді. Бірақ Талғат антына берік, қызметіне адал азамат, қылмыскерден қаймықпай соңына дейін күресіп, жәбірленушіні қорғады. Тергеу нәтижесін қарап шыққанымда, Талғаттың тарапынан оғаш қимыл, қызбалық болмағанына көзім жетті», - дейді Хұсайын Қоразбаев.

Кеудесін оққа тосқан жүректі полицей

Хұсайын Қоразбаевтың айтуынша, Талғат – жүректі, сауатты жігіт әрі жауапкершілігі мол. Сондықтан оны қауіпті, қиын аумаққа – Шиелі ауданына қарасты Тартоғай елді мекеніне учаскелік полиция инспекторы етіп жібереді.

«Қауіпті және қиын болатын себебі, мұнда ішімдікке салынғандарды еріксіз емдейтін еңбек колониясы, бертін келе қоныс колониясы орналасып еді. Бұл жерден босап шығатындардың басым бөлігі қылмыс жасауға бейім және сол маңда тұрақтайтын. Бір сөзбен айтқанда, бұл жер қылмыс пен құқықбұзушылық көп тіркелетін аумақ болатын. Сол себепті, осында учаскелік полицейлер тұрақтамай, жиі ауысатын. Ал Талғат білекті, жүректі еді, бұзақылардың алдында тайсалуды білмейтін. Басшылық оның осы қасиеті мен мінезін, кәсіби шеберлігін танып, Тартоғайға қызметке жіберді және сол қызметін адал атқарды. Әлі күнге дейін есімде, наурыздың 9-ы күні таңғы сағат 4:00-де Талғат туралы жайсыз хабарды естіп, есеңгіреп қалдым», - дейді Хұсайын Қоразбаев.

Әкесі Есентай мен анасы Шынар әлі үйленбеген жалғыз ұлы Талғаттан айырылып, қайғырып отырғанда солтүстік өңірден бір қуанышты хабар еңсесін көтерді.

«Баламның Қарағанды қаласындағы Букетов атындағы мемлекеттік университетте оқып жүргенде көңіл қосқан құрбысы болыпты. Бірақ әлі некесін қиып үлгермеген. Белгілі бір себеппен үйлену тойы кейінге қалған болатын. Содан не керек, бір тұяқ бар екен. Бұл жағымды жаңалықты Талғат дүниеден озғаннан кейін бір-екі апта өткенде Павлодарда бірге жұмыс істеген жора-жолдастары айтты. Үзілген үмітіміз қайта жалғанды. Енді немеремізді келінмен бірге қасымызға, қамқорлығымызға алғымыз келген. Ал келін керісінше бізді өзімен тұрғанын қалады. Оған ыңғай танытпадық та немереміз Алматты өзінің тәрбиесіне бердік. Сәл кейінірек келін қайта хабарласты. Бұл жолы Қызылордаға келетінін, қолымызда болатынын айтты. Бірақ тағдыр ол күнді жазбады. Ол Мәскеуде тұратын ағасына бара жатқан кезінде көлік апатына ұшырап, қаза тапты. Екі баламыз көздері тірісінде бір-біріне қосыла алмай кетті. Сәбиінің қызығын көру мына бізге атасы мен әжесіне бұйыртқаны Аллажанның. Алматты тәрбиелеп, өсірдік. Әкесінен аумауды, мінезіне дейін ұқсаған», - дейді Талғаттың анасы Шынар Кіребаева.

Кеудесін оққа тосқан жүректі полицей

Бүгінде 18 жасқа толған Алмат қаһарман әкесінің жолын жалғап, ҚР Ішкі істер министрлігінің Қарағанды Заң академиясында оқуда.

«Сыныптастары айтады: Талғат болашақта ұлы болса, оның есімін Алмат қоюды армағандаған екен. Сол арманы орындалды. Ал Алматжан кішкентайынан полицей болуды армандады. Біз оның бұл арманына қарсы болғанымызбен, баланың таңдауына көнуге тура келді. Шүкір, қазір өкінбейміз. Әкесі секілді сабақта озат. Мектепте де, заң академиясында да үлгерімі жақсы. Оның болашақта әділ, адал, мықты маман болатынына күмәніміз жоқ. Елдің азаматы болуын тілейміз. Саған бір өтінішім бар, Алматқа хабарласып, сұхбат алмашы, жүрегі ауырып қалар», - деген Шынар апаның өтінішіне құлақ астық.

Сыр өңірінде өзгенің өміріне араша түсіп, қаза тапқан полицейдің есімі мен ерлігін дәріптеу шаралары жүзеге асуда. Атап айтсақ, ол туралы 3 деректі фильм түсірілді, «Жалынбаған жиырма бес» атты кітап жазылды, көше аттары берілді. Өмірден өткеннен кейін Елбасының Жарлығымен 2-дәрежелі жауынгерлік «Айбын» ордені тағайындалды. Туған жеріндегі – Сырдария ауданына қарасты О. Мәлібаев атындағы ауылдың мектебі бүгінде Талғат Қозыбаев атымен аталады. Сол оқу ошағына ескерткіш-бюсті де қойылды. Сырдария аудандық орталық музейінде Талғатқа арнайы бұрыш ашылды. Сонымен қатар, Т.Қозыбаевты еске алуға арналған жасөспірімдер арасында күрестен республикалық турнирдің өтіп келе жатқанына 10 жылдан асыпты. Талғаттың құрметіне полиция қызметкерлері арасында да шағын футболдан жарыс өтеді.

«Ел азаматтарына ризамыз. Ішкі істер саласының қызметкерлеріне, облыс, аудан басшыларына алғысымыз шексіз. Біздің жағдайымызды сұрап, моральдық, материалдық көмегін береді. Баламыздың ерлігін ұмытпай, насихаттап жатыр. Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза да көп жәрдемдесті. Қызылорда облысына әкім болып тұрғанда 2007 жылы Сырдария ауданы О.Мәлібаев ауылындағы жаңа мектепке келді. Сол білім ордасының алдына орнатылған Талғаттың ескертішін ашты. Мұхтар Құл-Мұхаммед Талғаттың ерлігі ұмытылмайтынын, ержүрек батыр екенін айтып, немереміз Алматты көтеріп алды да, «менің өкіл балам болады» деді. Міне, осындай азаматтар барда болашаққа сеніміміз арта береді», - деп ағынан жарылды Шынар апа.

Өзгелердің жаңалығы