Қызылордада тұңғыш балалар киностудиясы ашылды

6 Қараша 2020, 01:40
2093
Бөлісу:
Қызылордада тұңғыш балалар киностудиясы ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылорда қаласында «Аслан фильмс» балалар киностудиясы жұмысын бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

«Аслан» балалар киностудиясы – өңірдегі жалғыз әрі тұңғыш балалар студиясы. Өнер ұжымы осы уақытқа дейін тәжірибелерін шыңдап алматылық әріптестерімен шығармашылық байланыста болған. Алдағы уақытта Сыр жастары жаңа орталықта дәріс алып, киноиндустрияның қыр-сырына қанығатын болады.

Балалар киностудиясы осыған дейін қысқа метражды 3 фильм түсіріп, көрерменнің оң бағасына ие болған. Ұжым енді балалар киносына ерекше екпін бермек, қазір болашақ әріптестерді іріктеу жүруде.

Студияда сенбі, жексенбі күндері арнайы дәрістер ұйымдастырылады. Оқушылар сахна тілін меңгеріп, әртістік қабілеттерін дамытады. Сондай-ақ киностудиядан операторлық мамандықты меңгеруге де болады.

Қызылорда қаласында киноға түсемін, актер боламыз деген жастар көп. Сол мақсатта ашып жатырмыз. Қазіргі уақытта бірнеше оқушы тіркеліп, оқуды бастап кеттік. Алдағы уақытта осы Қызылорда қаласында үлкен бір киностудияға айналамыз деген ойдамыз. Әлеуметтік желілердің көмегімен және ютуб канал арқылы бүлдіршіндер тегін көретін кино түсірсек дейміз, –  деді киностудия жетекшісі Жасұлан Алдабергенов.

Балалар киностудиясы жақында инновациялық қайтарымсыз грант жеңіп алып, ол қаражатқа түрлі құрал-жабдықтар сатып алыныпты.

Жастардың өсуі мен өнуі тоқтамайды. Игі жоба қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Міне, бүгін нәтижесін көріп отырсыздар. Алдағы уақытта да Сыр жастарының мүмкіндігі еселене бермек, – деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Өзгелердің жаңалығы