Қызылордада тәулігіне 150 тонна күріш ақтайтын зауыт жұмыс істейді

31 Наурыз 2021, 13:53
3176
Бөлісу:
Қызылордада тәулігіне 150 тонна күріш ақтайтын зауыт жұмыс істейді
PHOTO
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысындағы «Жан-Арай» серіктестігінің зауыттары тәулігіне 150 тонна күріш ақтап, 80 тонна құрама жем өңдеуге қауқарлы.

Серіктестік директоры Мұрат Айменовтің пікірінше, экономиканың негізгі тірегі саналатын ауыл шаруашылығында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың маңызы ерекше. 

Бұл әлеуметтік азық-түлік өнімдерімен өз-өзімізді қамтуға, өнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын арттыруға, ауыл халқын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Қызылорда облысында да осы салада ірі жобаларды тұтастай бір кешенге шоғырландыру үшін қолға алынған агроиндустриялық кешендер жұмысы жолға қойылған. Солардың бірі – біздің серіктестік, – деді Мұрат Айменов.  

Оның айтуынша, «Жан-Арай Жем» ЖШС-нің табысы толымды, жұмысы жүйелі. Он гектар аумақты алып жатқан серіктестіктің күріш ақтау зауыты, қоймасы, зертхана, макарон цехы, құрама жем зауыты бар. Осы жобаларды мемлекеттік қолдаудың арқасында іске асырып отыр. 

«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдауға ие болып, 300 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. Жылдық мөлшерлемесі 14 пайыз несиенің 4,2 пайызын «Даму» қоры субсидиялайды.

«Күріш зауыты тәулігіне 150 тонна өнім өңдей алады. Мұнда оңтүстіккорейлік қондырғылар орнатылған. «Жан-Арайдан» ақталған күріш республиканың көршілес елдеріне экспортталады. Қазіргі таңда Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттеріне серіктестік өнімі жеткізілуде. Бұдан басқа, тәулігіне 80 тонна түйіршіктелген құрама жем өндіретін, соңғы германиялық технологиямен жабдықталған зауыт жұмыс істейді. Бес түрлі жем өнімін шығарып, аймақтағы барлық шаруашылықты қамтамасыз етіп келеді. Өзге өңірлерге де жем жөнелтуге шамасы жетеді, – дейді Мұрат Айменов. 
Осы жобалардың арқасында серіктестік 100-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. 

Қызылордада тәулігіне 150 тонна күріш ақтайтын зауыт жұмыс істейді
Күріш ақтау зауытында 40-50 адам жұмыс істейді. Менің мұнда келгеніме 8 жыл болды. Күндізгі ауысымда ғана жұмыс істейміз. Күніне 130 тонна қара күріш өңдейміз. Тазарған күріштен қалған қауызына сұраныс көп. Оны түрлі технологияның көмегімен қайта өңдеп, мал азығына пайдалануға болады. Жұмыс толық автоматтандырылған. Жалақы уақытылы төленіп жатыр, – дейді күріш ақтау зауытының механигі Бақытжан Тумырзаев. 
Сонымен қатар «Жан-Арай» кешені өңірде мал шаруашылығы, құс шаруашылығы және тауарлы балық шаруашылығы салаларының дамуына үлес қосуда. Қазірдің өзінде бірнеше бизнес бастаманы қолға алған. 

Қызылордада тәулігіне 150 тонна күріш ақтайтын зауыт жұмыс істейді
Біз серіктестікті серпінді дамытуды, сол арқылы Қызылорда қаласы мен оған іргелес жатқан ауылдардың тұрғындарын жұмыспен қамтуды мақсат етіп қойдық. 2017-2018 жылдары кешеннің қызмет аясын кеңейттік. Оқу орталығы және ойын-сауық кешені мен қонақ үй аштық. Мейрамхана да бар. Міне, соның нәтижесінде 70-тен аса адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Кешенді іске қосу үшін барлығы 730 000 000 теңге қаржы жұмсалды. «Жан-Арай» агроөнеркәсіп кешені жаңадан өндіріс көздерін ашу және кәсіпкерліктің пайдалы жағымен айналысуды мұрат тұтады. Алдағы уақытта 4 гектар аумаққа жылыжай салу, көтерме сауда орталығын ашу, 10 гектар аумаққа алма бақ егу және басқа да жобаларды іске асырады. Осы жобаларға шамамен 2 300 000 000 теңге жұмсау көзделуде, – дейді серіктестік директоры Мұрат Айменов. 
Айта кетейік, «Жан-Арай» серіктестігі 2020 жылы пандемия кезінде «ВIRGEMIZ» республикалық акциясына қауіпті індеттен қиналған облыс халқына азық-түліктер мен қажетті дәрі-дәрмектер және түрлі денсаулыққа қажетті аппараттарды жеткізуде айрықша үлес қосты. Қызылорда қаласы және Жаңақорған, Сырдария, Қармақшы аудандарына көрсетілген қайырымдылық шараларға 10 миллион теңге көмек берілсе, облысқа қажетті дәрі-дәрмекті Өзбекстан елінен шұғыл алдыру мақсатында 50 миллион теңге көлемінде уақытша қаржылай көмек көрсетілген.

Өзгелердің жаңалығы