Қызылордада сотталғандар ағаш астау жасап жатыр

18 Қаңтар 2021, 20:05
4314
Бөлісу:
Қызылордада сотталғандар ағаш астау жасап жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сотталғандарды жұмыспен қамту мәселесі Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаменті мекемелерінде жүйелі жүргізіліп келеді, деп хабарлады Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті.

Бүгінгі таңда ЗК-169/5 мекемесінің өндірістік аймағында 11 кәсіпкер жұмыс істеп, сотталғандарды жұмыспен қамтып отыр. Онда сотталған азаматтар әк өндіру, газоблок, құм блоктарын өндіру, колөнер мен аяқ киім тігу, кірпіш өндірісі, пластик терезелер шығару, жалюзи дайындау, автокөліктерді жөндеу, жұмсақ жиһаз даярлаумен айналысады.

Жақында осы мекеменің өндірістік аймағында тағы бір жұмыс орны ашылды. Бұл жұмыс орнында ағаштан түйін түйген 4 сотталған қолөнер бұйымдарын жасайды. Олар қазір сұранысқа ие ет салатын астау жасап жатыр.

Астаудың жасалу ерекшелігін жазасын өтеуші азамат түсіндіріп берді. Алдымен астау жасауға қажетті ағаш түрін таңдап аламыз, ол ағаш жай ағаш емес, қайың, терек, үйеңкі ағашы болуы керек. Астау жасауға арнайы шапқы, қашау, пышақтың түрлері қажет. Бір астауды жасауға шамамен бір аптадай уақыт кетеді. Астауды ағаштан қашап, формасына келтірген соң, сыртына ою түсіріп, сәндейміз. Негізі астауды жылқы майымен майлап отырған дұрыс, өзінің сапасын да, реңін де жоғалтпайды.

Астау жасау аса төзімділікті, қажыр-қайратты қажет етеді. Өзім де ағаштан түрлі бұйымдар жасайтын едім. Енді, міне, мекеме аумағынан қолөнер бұйымдарын жасайтын жұмыс орны ашылып жатыр. Қазір ұлттық өнерге деген сұраныс жоғары. Астауға тапсырыс өте көп түсіп жатыр, мерзімінде орындап беруге тырысамыз. Еңбек жалақымыз да уақытылы төленіп жатыр, - деді сотталған азамат.

Өзгелердің жаңалығы