Қызылордада «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жеңімпаздары жастармен кездесті

30 Мамыр 2019, 19:17
4305
Бөлісу:
Қызылордада «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жеңімпаздары жастармен кездесті
PHOTO
Фото: автордан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары қызылордалық жастармен кездесті. 

«Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы Гүлмира Әшірбекованың айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының негізінде іске асып жатқан шаралардың әрбірі өзінің мән-маңызы, мазмұнымен құнды. Солардың арасында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын айрықша атап өтуге болады. 

«Елді дамытуда еңбек етіп, үлгілі ісімен көпшілікке өнеге болып жүрген азаматтарды өскелең ұрпаққа дәріптеудің берері мол. Табысты адамдардың бәсекеге қабілеттігі, өмірі жолы кім-кімді болмасын қызықтырары, ой салары сөзсіз. Содан қуат алып, биік белеске ұмтылады. Тәуелсіз еліміздің осынау қысқа мерзімде жеткен жетістігін осы азаматтардан-ақ көруге болады. Мұндай адамдар елімізде баршылық. Атап айтсақ, 2017 жылы Қызылорда облысынан «100 жаңа есім» жобасына 68 үміткер қатысқан болатын. Солардың ішінен селекционер ғалым Александр Подольских, дәрігер Болатбек Баймаханов, педагог, психолог, аудармашы Сымбат Әбдрахманова, тоғызқұмалақтан әлем чемпионы Әсел Далиева дара шықты. Ал өткен жылы 82 адам қатысты. Яғни мұнда кәсіпкер Айдос Сайлығараев пен халықаралық әскери фотожурналист Назгүл Кенжетай жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Сырда туып, өзге аймақтарда қызмет қылып жүрген қызылордалықтар да жоқ емес», - дейді Гүлмира Әшірбекова. 

Жоба жеңімпаздары жастардың жүрегіне болашаққа деген сенімін ұялатқысы келеді. Сол себепті олар әрдайым өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын. Осы мақсатпен «100 жаңа есім» жеңімпаздары Сымбат Әбідрахманова, Айдос Сайлығараев, сонымен бірге алматылық ақын Мақпал Мысамен TedTalks форматында кездесу өткізді. Ұйымдастырушы – облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы. 

Қызылордада «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жеңімпаздары жастармен кездесті

Мақпал Мыса замандастарына бойына біткен ақындық таланты туралы ой өрбітті. Жастарға қазіргі дәуірдің көшіне тек білімді жетілдірумен ғана ілесе алатынын жеткізді. 

«Мен үнемі жастармен кездесуге асығып тұрамын. Сөз – адам жанының емі. Сөздің құдіреті болса керек, елге өлең арқылы танылдым. Өлең менің тағдырыма айналып, жетістікке жеткізді. Сондықтан да сіздерге айтарым, табиғат берген талантты барынша баптап, оны дамыту білу керек. Сонда ғана сіз табысты боласыз. Үш жыл қатарынан жоғары оқу орнына түсе алмадым. Бар мақсатым – ата-анама салмақ салмай, журналистика мамандығы бойынша мемлекеттік грант иегері атану. Өкінішке орай, журналистика факультетіне түсе алмай, Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының кино және телевизия мамандығы бойынша білім алдым. Оқуға түсем дегенше, менің өлеңдерім бірнеше жыр жинақтарына еніп, бірнеше рет мүшәйрадан орын алып, әдебиеттің айналасында жүрген жандарға есімім таныс бола бастаған. Бұған қоса аудармамен айналысамын. Тынымсыз ізденіс пен еңбектің арқасында арманыма қол жеткіздім. Журналистика саласында еңбек етіп келемін. Сондықтан сіздерге де осындай табандылықты тілеймін», – деді Мақпал Мыса.

Сыр өңіріндегі табысты әрі танымал жас кәсіпкерлердің бірі – Айдос Сайлығараев. Ол аймақта бірінші болып кондитерлік өнімдер шығаратын дүкендер желісінің негізін қалап, жұмысын жолға қойды. «Браунис» дүкендер желісінің кондитер өнімдері дәмді әрі сапалы болғандықтан облыста айрықша сұранысқа ие. Айдос үнемі ізденісте жүреді. Өзінің кәсібін жандандыру үшін Түркия елінің кәсіпкерлерінің тәжірибесін жетік меңгеріп, аспаздардың біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөледі. Өнім сапасы да ұдайы назарда, тіпті осы бағытта шетелдік әріптестермен тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Кездесуде А.Сайлығараев өз кәсібін ашып, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, кәсіби шеберлік мәселелері бойынша тәжірибесін ортаға салды. 

«Жастар, сіздерге үш маңызды нәрсені айтқым келеді. Біріншісі – өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу. Екіншісі – қай салада болсын, кәсіби шеберлікті меңгеру. Үшіншісі – инновация. Жаңалық іздеу, жаңаны табу – жұрттан өзгешелігіңді айқындау. Кондитер өнімдері жегенге тәтті болғанымен, онымен айналысу үлкен тәуекелге барумен бірдей. Мен мақсатыма жету үшін түрлі кәсіппен айналыстым. Дүкен аштым, мейрамханада даяшы бола жүріп, қалай да өз кәсібімді ашуды жоспарладым. Егер кәсіппен айналысам деген жас болса, мемлекет тарапынан көп мүмкіндіктер қарастырылған. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, 2025 жылға дейін стратегиялық жоспар әзірледім. Қазіргі таңда сол жоспар бойынша Қазақстанның бірнеше қалаларында «Браунис» кондитерлік өнімдер дүкендер желісін аштым. Әрбір адам арманына қол жеткізуде үнсіз қалмауы керек. Тек әрекет еткендер ғана жетістікке жетеді», - дей келіп, жастарды уақыт талабына сай бәсекеге қабілетті болуға шақырды. 

Қызылордада «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жеңімпаздары жастармен кездесті

«Қазақстандағы 100 жаңа есім» арнайы жобасының алғашқы кезең жеңімпазы Сымбат Әбдірахманова бірнеше тілді меңгерген, педагог-психолог. Ол қазіргі таңда ЮНИСЕФ-тің жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жобасы бойынша бірнеше ғылыми мақалалар жазып, әдістемелік құрал дайындаған. Сондай-ақ, аймақта мектеп бітірушілермен түрлі психологиялық тренингтер өткізіп, жасөспірімдер арасындағы қылмыстық оқиғалардың алдын алуға көмектесіп келеді. 

Сымбат ешқандай қаржы қажет етпейтін мультфильмдер дайындаумен айналысады. Әсіресе тіл мүкістігі бар балаларға арналған мультфильмдерін мамандар сабақ барысында пайдаланып жүр. Ол 2018 жылы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойына арнап, «Сиқырлы кілт» сериялы мультфильмін дайындады. Сонымен қатар, Сымбаттың бірнеше мультфильмдері облыстық телеарна, республикалық «Балапан» телеарнасынан берілуде. С.Әбдірахманова жастарға мақсат қою, армандай білу, жетістікке жетуге байланысты өз тәжірибесімен бөлісті. 

«Адамның арманы нақты болуы керек деп ойлаймын. Өйткені мен үнемі нақты нәрселерді армандап, оны мақсатыма айналдырдым. Өмірімде парсы тілінде қай елдің сөйлейтін білмейтін жасымда осы тілдің маманы болу үшін мемлекеттік грант иегері атандым. Қазіргі таңда парсы тілі бойынша еліміздегі санаулы аудармашылардың қатарындамын. Жастарға айтарым, сіздер ешқашан өз арманыңызға жету үшін жалықпай еңбек етуден шаршамаңыздар. Мақсатқа жету жолында түрлі құрбандыққа баруға тура келеді. Қыдырудан бас тартып, тойларға бармай қалуыңыз мүмкін. Есесіне қоғамға пайдалы іс жасайтыныңызды ұмытпаңыз. Осы жоба жеңімпаздарының ішінде 18-19 жастағы жігіттер бар. Олардың жетістіктерін көргенде, менің осы уақытқа дейін бос кеткен уақытымды ойлап өкіндім. Сондықтан адам өмірінің көктемі саналатын жастық шағыңызды өкінбестей өткізіңіздер», - деп ағынан жарылды Сымбат. 

Кездесуге қатысқан Ералы Аружан жоба жеңімпаздарының жетістік жолы көп ой салғанын жеткізді. Сондай-ақ, олардың әрқайсысының өмірлік тәжірибесі жастардың өз орнын табуына, уақытты тиімді пайдалануына көмектесері анық дейді. TedTalks форматында өткен кездесу жастарға мотивация берді. Сонымен бірге кәсіп ашу, қаржысыз өнім дайындау, білім жетілдіруге байланысты тәжірибе жинақтады. Шара соңында белсенді сұрақ қойған қатысушыларға жеңімпаздар естелік сыйлықтарын ұсынды.
   

Өзгелердің жаңалығы