Қызылордада 40 ауылдық округтің әкімі сайланады

25 Шілде 2021, 11:38
2308
Бөлісу:
Қызылордада 40 ауылдық округтің әкімі сайланады
Фото: автордан

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл әкімдерін сайлау Қызылорда облысының жеті ауданында өтіп жатыр. Бүгін 40 ауылдық округтің әкімдері сайланады.

Дауыс беру облыстағы 54 сайлау учаскесінде өтеді. Оған комиссияның 304 мүшесі қатысады. Барлық сайлау учаскесі бүгін сағат 06:00-де ашылып, тиісті хаттамалар жасалды, жергілікті уақыт бойынша 07:00-ден 20:00-ге дейін комиссия мүшелері сайлаушыларға бюллетеньдер береді. Сайлаушылардың келуі туралы алдын ала ақпарат сағат 21:00-де беріледі, - деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймұрзаев.
Арал ауданы Қызылжар ауылының №13 сайлау учаскесінде ауыл тұрғыны, зейнеткер Зейнегүл Қожабергенова бірінші болып дауыс берді.
Қазіргі сайлаудың маңызы зор. Өйткені тұрғындар ауылымыздың болашағы үшін жұмыс істейтін әкімді сайлайды. Мен өз таңдауымды жасадым. Көпшілік дауыспен сайланған әкім ауылымыздың заман ағымына сай дамып, гүлденуі үшін бар күш-жігерін салатынына сенімдімін, - деді ол.
Айта кетейік, Қызылорда облысы бойынша тізімге енгізілген сайлаушылар саны 36 071, сағат 09.00-ге келіп түскен ақпараттар бойынша келушілер саны 2564- 7% құрап отыр.

Өзгелердің жаңалығы