Қызылорда облысында мейрамханалар бизнестегі бағытын өзгертуде

23 Шілде 2021, 19:15
3436
Бөлісу:
Қызылорда облысында мейрамханалар бизнестегі бағытын өзгертуде

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биылғы жылы Қызылорда облысында кәсіпкерлікті қолдауға көп көңіл бөлінді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 11 млрд теңгеден астам қаржы кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталып, 1600 жобаға несие берілді.

Қызылорда облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтің айтуынша, кәсіпкерлікті қолдау аясында аймақта бизнес бастауға ниеттілер саны артуда.

Биыл 1 шілдедегі көрсеткіш бойынша өңірде 49 808 кәсіпкер тіркелген. Бұл көрсеткіш республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі болып отыр, - дейді.
Ал облыстағы мейрамханалар бизнестегі бағытын ауыстырып, өзге салада кәсіп бастауда. Сыр өңірінде осы уақытқа дейін 128 мейрамхана тіркелген болса, оның 22-сі кәсіптерін өзгертуді қолға алған болатын. Қазір 18 мейрамхана жаңа бағытта кәсіптерін дөңгелетіп отыр.

Пандемия салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік нысандарды қайта жандандыру мақсатында «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» әзірленді. Жоспар аясында тойхана қызметінің бағытын ауыстыруға ниет білдірген кәсіпкерлерге «Бизнестің жол картасы - 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламалары және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығымен қолдау көрсетіліп келеді. Мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың нәтижесінде өңірде 18 мейрамхана қызметі өзгертіліп, бүгінде бұл тойханалар тұрақты жұмыс істеп тұр.

Облыс орталығында бір жылдан бері есігіне қара құлып салынған тойхана ғимаратына жан бітірген кәсіпкер Жандос Оңалбеков кәсіптегі бағытын өзгертті. Бұрын «Хан шатыры» аталған мейрамхана қазір «Kids Park KZO» атты отбасылық мейрамханаға айналды.

Бұл жобаны жүзеге асыру үшін жеке қаражаттан 83 млн теңге жұмсалды. Мұнда қазір 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен қатар мейрамхана 200 орындық тамақтану орнымен жабдықталған. Сондай-ақ бір уақытта 300 бала ойын-сауық алаңында ойнай алады. Мейрамхана ішіндегі алаңда балаларға арналған түрлі аттракциондар мен мерекелік шаралар өткізуге арналған бөлмелер бар, - дейді кәсіпкер.
Ал халықтың сұранысына орай қызмет етіп келе жатқан Жалағаш ауданының тұрғыны Болатбек Мырзағали техникаға қызмет көрсететін орталығын кеңейтті. Жалағаштық кәсіпкер ширек ғасырға жуық уақыттан бері көлік жөндеу, мотор майын сату ісімен айналысып келеді.

Кәсіпкер ең алғаш рет 1997 жылы аудандағы жолдың бойында мотор майын сатып бастаған. Ол уақыт өте келе, автокөлік жөндеп, көлікке қажетті бөлшектер мен аксессуарлар дүкенін ашты. Кәсіпкер 2018 жылы дүкен жанынан көлікке қызмет көрсететін кешен ашып, кәсібін кеңейтті. Қазіргі таңда кәсіпкер 3 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қазіргі күні көлік жөндейтін орындар өте көп. Алайда өз ісіне адал жандарды табу қиын. Егер сапалы қызмет көрсете білсең, тұтынушыларыңның да көбейері сөзсіз. Мен де халықтың сеніміне ие болғым келеді, сондықтан өз ісіме адалдық танытамын. 25 жылдан бері осы салада қызмет етіп жүргендіктен, өз ісіме адалдық танытпауым өзіме сын. Ал сапалы қызмет бар жерде кәсіптің де өркендейтіні белгілі, - дейді Болатбек Исаұлы.
Кәсіпкер 2019 жылы сауда көлемін арттыру үшін мемлекеттік бағдарлама аясында «Даму» қоры мамандарынан кеңес алады. Мамандардың кеңесі бойынша кәсіпкер «Еуразиялық банкке» құжат тапсырып, нәтижесінде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында несие алып, оның тең жартысын «Даму» қоры субсидиялады.

Облыста кәсіпкерлікті дамытумен қатар, сол кәсіп айналасында жұмыспен қамтылғандар да жетерлік. Оның ішінде жазасын өтеп жатқандар да екі қолға күрек тауып, өз нәпақаларын алуда.

Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің ЗК-169/5 мекемесінде 10 кәсіпкер өндіріс көзін ашып, 155 сотталған азаматты жұмыспен қамтыды. Сонымен қатар ЗК-169/4 мекемесінің аумағында 18 кәсіпкер 98 сотталған азаматты жұмыспен қамту арқылы өз кәсіптерін жүргізуде.

Айта кетсек, Қызылорда облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне бағынысты ЗК-169/5 мекемесінде «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы ЖК «Дарикулов» қол өнер бұйымдары жобасына мемлекеттен қайтарымсыз 1 млн грант алып, 11 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ «Ержас-2013» ЖШС Газоблок шығару жобасына 2015 жылы аталған бағдарлама аясында 15 млн субсидия алып, 15 азаматты жұмыспен қамтыған.

Қазіргі таңда қылмыстық атқару департаментіне қарасты мекемелерде кәсіпкерлік өндірісі үшін бос ғимараттар мен алаңдар бар екендігін кәсіпкерлер назарына жеткіземіз. Аталған ғимараттарды кәсіпкерлік өндіріске пайдаланған жағдайда тек коммуналдық төлемдер ғана төленетін болады.

Айта кетейік, биыл «Бизнестің жол картасы - 2025» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары бойынша «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыруға бюджеттен 10 млрд теңге қаржы бөлінді.

Өзгелердің жаңалығы