Қызылорда облысында кәмпит өндірісі дамып келеді

18 Ақпан 2021, 13:16
3310
Бөлісу:
Қызылорда облысында кәмпит өндірісі дамып келеді

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысының бренд өнімдерінің бірі «Қазалы» кәмпитін шығаратын цехтардың саны көбейіп келеді.

Қазалы ауданының тұрғыны, кәсіпкер Сандуғаш Әбілқасымқызы да цех ашып, кәмпиттің 8 түрiн шығарып жатыр.

Бізде кәмпиттің ащы, pоkс, барбарuс, coлoмкa, лuмон, шоkолад, апельсuн, дюшеc секілді түpлерi шығарылады. Бұл кәсіпті 2018 жылы бастағанда кәмпиттің 4 түрін ғана өндіретін едік. Былтыр өндіріс көлемін арттырдық. «Қазалы» кәмпиті өз облысымызда ғана емес, өзге өңірлерде де сатылады. Себебі сұраныс бар, – деді ол.

Кәсіпкер бұл кәсіпті отбасылық бизнес түрінде дамытқысы келеді. Сандуғаш Әбілқасымқызы шаруаға өзінің қызы Меруерт Темірбай қолғабыс қылып жатқанын айтты.

2020 жылы «Бастау Бизнес» жобасының курсын оқыдым. Соның арқасында 555 600 тенге грантқа қол жеткіздім. Осы қаражатқа цехқа керек жабдықтарды алдық. Цехта тәулігіне 150 келі кәмпит дайындалады. Кәмпит шығарудың өз қиындығы бар. Қоспаларының мөлшерін білуің керек, брендке айналған өнімнің өз дәмін беруің керек. Әрине соған арналған құралдарымыз, маманданған кондитерлеріміз бар. Анама көмектесіп жатырмын. Бірлесіп осы кәсіпті дамытамыз деген мақсат қойдық, – дейді Меруерт.

Айта кетейік, былтыр «Бастау Бизнес» жобасының курсынан өткен 746 азамат кәсібін бастады. 

Оларға жалпы құны 422,1 млн теңге болатын қаражат бөлінген. 

Соның ішінде 741 жоба мемлекеттік грант есебінен 411,2 млн теңгеге қаржыландырылды. 

Ал 10,9 млн теңге болатын 5 жоба мемлекеттік бағдарлама аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізген.

Өзгелердің жаңалығы