Қызметінен босатылғандар кіріс декларациясын қалай тапсырады

21 Қаңтар 2021, 22:00
1516
Бөлісу:
Қызметінен босатылғандар кіріс декларациясын қалай тапсырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметтен босатылған адамдар кірістер мен мүлік туралы декларацияны мемлекеттік кірістер органдарына тапсыра ма? Бұл сұраққа ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті жауап берді.

Бұрын, 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін, Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес (11-баптың 3-тармағы) мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамдар жұмыстан шығарылғаннан кейін үш жыл ішінде тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органына кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыруға міндетті болатын (есеп нысаны 230.00).

Жалпыға бірдей декларацияның енгізілуіне байланысты 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамдар үшін 230.00 нысаны бойынша кірістер мен мүлік туралы декларацияны тапсыру тоқтатылады.

2020 жылы мүліктік табысты, Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі көздерден табысты және Салық кодексінің 363-бабында көзделген өзге де кірістерді алған жағдайда аталған тұлғалар орналасқан (тұрғылықты) жері бойынша салық органына жеке табыс салығы бойынша декларацияны (240.00-нысан) табыс ететінін ескеру қажет. Бұл декларацияны тапсыру мерзімі - 2021 жылғы 31 наурыз.

Егер жеке тұлға қателесіп, 2020 жылға арналған 230.00-нысандағы декларацияны тапсырса, онда мұндай декларация кері қайтарылып алуы тиіс.

Еске сала кетейік, ағымдағы жыл елімізде жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің бірінші кезеңінің басы болады, деп хабарлады ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.

Салық Кодексінде жалпыға бірдей декларациялауды төрт кезеңмен жүзеге асыру қарастырылған.

Бірінші кезеңде (2021 жылғы 1 қаңтардан бастап):

- жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар мен олардың жұбайлары (зайыптары);

- мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыптары);

- «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Сақтандыру қызметі туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес табыс ету міндеті жүктелген адамдар декларация тапсыруға міндетті.

Өзгелердің жаңалығы