Қырғызстанның экс-президенттері Ақаев пен Бакиевке іздеу жарияланды

11 Шілде 2021, 18:09
1720
Бөлісу:
Қырғызстанның экс-президенттері Ақаев пен Бакиевке іздеу жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қырғызстанның бұрынғы президенттері Асқар Ақаев пен Құрманбек Бакиевке іздеу жарияланды. Бұл туралы 24.kg хабарлады. Көрші елдің бұрынғы басшысы Ақаевқа канадалық «Камеко» компаниясымен келісім жасасқан кезінде қызметтік лауазымын асыра пайдаланғаны үшін іздеу салған болатын.

МҰҚК төрағасы Камчыбек Ташиевтің айтуынша, өз кезегінде экс-премьер-министрлер Тұрсынбек Чынгышев пен Апас Жұмағұлов ескіру мерзімі өтуіне байланысты істі тоқтатуға келісім берген. «Қырғызалтынның» экс-басшысы Дастан Сарығұлов та ескіру мерзімінің өтуі себепті істі тоқтатуға қарсы емес.

Бұл лауазымды тұлғалар біз оларға дәлелдегеніміздей, мемлекетіміз үшін тиімсіз келісім жасасқан, өз кінәларын мойындады. Бірақ ескіру мерзімінің өтуіне байланысты істі тоқтатамыз, - деп түсіндірді МҰҚК басшысы.

Ол сондай-ақ, 2003 жылы «Камеко» компаниясымен бас келісімді қайта жасасу салдарынан Қырғызстанның Centerra компаниясындағы үлесі 25,7%-ға немесе 7,3 миллиард сомға төмендегенін атап өтті.

Жемқорлық әрекет жасады деген айыппен Асқар Ақаев қылмыстық жауапкершілікке тартылып, тағы да іздеу жарияланып отыр.

«Қырғызалтын» ААҚ директорлар кеңесінің экс-басшысы Алексей Елисеев, сонымен қатар, елдің бұрынғы президенті Құрманбек Бакиев пен оның ұлы Максимге де іздеу салынды.

Өзгелердің жаңалығы