Павлодар облысында күзгі жиын-терімге 21 мың арзандатылған дизель бөлінді

28 Шілде 2020, 19:49
1583
Бөлісу:
Павлодар облысында күзгі жиын-терімге 21 мың арзандатылған дизель бөлінді

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде күзгі жиын-терімге дайындық басталды. Орақ науқанына 21,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.

Мамандардың хабарлауынша, бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 500 тоннаға артық. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік шаруашылығы бөлімінің басшысы Есентай Мұрсәлімовтің айтуынша, аулы шаруашылығы өндірушілеріне шілде айына бөлінген жанар-жағармайдың тоннасы 178 мың теңге тұрады.

Шілде айында біз қала-аудандардағы ауыл шаруашылығы бөлімдерінің өкілдерімен жиын өткіздік. Осылайша, ақылдаса келе, біз арзандатылған жанар-жағармайды босататын операторды анықтадық. Дауыс беру арқылы екі оператор анықталды. Бүгінгі күні 5 мың тоннаны тасымалдау жөнінде келісімшарт жасалды. 1200 тоннасы үшін төлем жүргізіліп, 700 тоннадан астам дизель тасымалданды, - дейді Есентай Мұрсәлімов.

Биылғы жылы облыс аумағында егістік алқаптары 153 мың гектарға ұлғайды. Дәнді-дақылдар мен көкөніс тұқымы 1 млн 480 гектарға себілді.

Мал шаруашылығын азықпен қамту мақсатында жем-шөп егілетін алқаптар көлемі 140 мың гектарға ұлғайды.

Сәуір айының басында бекітілген кесте бойынша картоп пен май дақылдары егілді. Ал мамыр айында құнарлы топыраққа астық тұқымы себілді. Биылғы жылы өсімдік шаруашылығын қаржылай қолдауға мемлекеттік бюджеттен субсидия түрінде 3 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, "Агро бизнес" және "Кең дала" бағдарламалары бойынша да 3 млрд теңге қарастырылған. Бұл бағытта 100-ден астам жеңілдетілген несие беріледі деп күтілуде.

Өзгелердің жаңалығы