«Құтадғу біліктің» жаңа аудармасы жасалды

3 Наурыз 2021, 19:25
3900
Бөлісу:
«Құтадғу біліктің» жаңа аудармасы жасалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» кітапханасында Жүсіп Баласағұнның «Құтадғу білік» еңбегінің жаңа аудармасының таныстырылымы өтті.

Қарахандар дәуірінде 1069 жылы жазылған құнды жәдігер PhD докторы, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің аға оқытушысы Бекарыс Нұриманның аударуымен жарыққа шығып отыр. Еңбектің атауы –  «Құтты билік: «Құтадғу біліктен» таңдамалы бәйіттер».

Бұл еңбек Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына, түркі мұраларын кешенді зерттеп отырған Еуразия ұлттық университетінің 25 жылдығына арналып, жарық көрген. Жиында Баласағұн танудағы өзекті мәселелер талқыланды.

«Құтадғу біліктің» жаңа аудармасы жасалды

«Құтадғу білік» 950 жыл бұрын жазылса да, Жүсіп өзіне дейінгі жүздеген жыл бұрынғы деректерге сүйеніп отыр деп ойлаймыз. Демек біз ойлағандай 10 ғасыр ғана емес, 15-20 ғасыр бұрынғы бабалар болмысынан хабар беретін құнды дерек деп есептеуге болады. Бұған дейін Жүсіп Баласағұн еңбегінің атауына қатысты әртүрлі көзқарас болды. Мәселен, біздің елде ХХ ғасырда «Құтадғу білік» ел басқару ісімен емес, біліммен байланыстырылды. Сол себепті кітап адамды екі дүниеде бақытқа жеткізетін дидактикалық, философиялық, әдеби көркем шығарма деп түсіндірілді. Алайда ол, жоғарыда айтылғандай, мемлекет басқарудың шарттары мен заңдылықтары сипатталған саясатнама жанрында жазылған құнды саяси және мәдени-тарихи еңбек. Кітап атауының «Құтты билік» деп қойылу себебі де осы, - деді ҰҒА академигі, ф.ғ.д., профессор Сейіт Қасқабасов.

Бұған дейін Асқар Егеубаев пен Әбжан Құрышжанов сынды ғалымдар «Құтадғу біліктің» поэтикалық аудармасын жасаса, Берікбай Сағындықов кей бөлімін тәржімалағаны белгілі. Б.Нұриман еңбегінде «Құтадғу біліктің» жолма-жол мағыналық аудармасы берілген.

Кітаптың аты керемет. Бекарыс арқылы бірнеше дүркін «Құтты билік» деген атауды беріп отырмыз. Бұл тосын ат емес, 1928 жылға дейін аты осылай келген. Осы кітаптың ең үлкен жеңісі – оның атауында. Билік деген сөз қазақта бұрыннан бар. Түркияда оның мағынасы өзгерді. «Құтадғу білік» жазылған кездегі мағынасы қазақ тарихында сақталып отыр. Түріктер билік деген сөзді білмейді, оларға сөгіс жоқ. Олар білік дегенді таниды. Яғни түрік тілінде ол құтты мәлімет деген мағынаны білдіреді. Сіздерге құт беретін, бақыт беретін мәлімен осы кітапта деген сөз. Бірақ ол кітап мазмұнына сәйкес емес. Өйткені кітап кез келген адамға қуаныш беріп отырған жоқ. Кітап қарапайым адамға құт берсе, онда дұрыс болушы еді. Бірақ бұл билікке, саясаткерге құт беріп отыр. Сондықтан бұл бір елдегі құтты билік қандай болуы керек дегенді талдайды, - дейді Мимар Синан атындағы Көркем өнер университетінің профессоры Абдулуақап Қара. 

Кітаптың таныстырылымына белгілі түрколог ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, әдебиеттанушылар, ақын-жазушылар мен жастар қатысты.

Раушан АРМАНҚЫЗЫ
Өзгелердің жаңалығы