Құранды екі жылда жаттауға болады – Абдулғаффар қари

30 Қазан 2020, 11:00
13601
Бөлісу:
Құранды екі жылда жаттауға болады – Абдулғаффар қари

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен қасиетті Құран Кәрімді мәнерлеп және жатқа оқудан IX республикалық жарыс өтті.

Еліміздің әр түкпірінен келіп қатысқан 72 үміткердің барлығы да 30-ға жасы жетпеген, алайда Алланың кәләмі болған Құранды мәнерлеп те, жатқа да оқуды меңгеріп алғандар. Жарыс болғандықтан жүйріктен жүйрік озатыны мәлім. Бұл жолы Солтүстік Қазақстан облысының атынан қатысқан жас қари Абдулғаффар Тұрсынов топтан оза шығып, бас жүлдеге тігілген автокөліктің кілтін еншіледі. Біз сол жеңімпаз Абдулғаффар қаримен жолығып, аз-кем әңгімелескен едік.

Мектептен бұрын мешітке барғанмын

– Абдулғаффар қари, ассалаумағалейкум! Жақында өткен Құранды жатқа оқу жарысында бас жүлдені еншілеп, темір тұлпар міндіңіз. Құтты болсын! Бұған дейін көлігіңіз болған ба еді?

– Уағалейкумассалам, уа рахматуллахи уа бәрәкәтух! Алла разы болсын! Иә, Алланың қалауымен нәсіп болып, жүлдеге қол жеткіздім. Бұған дейін де өз көлігім болған. Дегенмен, бұл көлікті тағы да бұйыртқанына Аллаға сансыз шүкір етемін.

– Отбасыңыз туралы айтып беріңізші. Себебі, бәрі де осы отбасындағы тәрбиеден басталады ғой.

– Дұрыс айтып отырсыз. Менің отбасым дінді берік ұстанған кісілер. Құран жаттауыма, дінге жақын болып өсуіме отбасымның тікелей қатысы болды. Себебі, үлкен атам Шүкрулла Сұлтанқожаұлы мешітте 30 жылдай имам болған кісі еді. Сол кісі бізге Құран оқуды, жаттауды бала кезімізден үйретті. Кейін мектепті аяқтаған соң, Ақмола облысы Қосшы ауылында орналасқан Қауам әд-Дин әл-Итақани әл-Фараби әт-Түркістани атындағы республикалық қарилар дайындау орталығына келіп, Садуақас Олжабай қариға шәкірт болып, сол кісінің үйретуімен Құран жаттадым. Сол кісінің қолында ижаза алдым. Алла ол кісіге разы болсын! Ұзақ өмір берсін! Бізді отбасымызда ұстазды құрметтеуге үйретті. «Ұстаздың орны ата-анаңнан да жоғары» деп айтып отыратын. Сондықтан Құран үйреткен әрбір ұстазыма ерекше ілтипат білдіремін.

– Кешіріңіз, ижаза сөзіне анықтама беріп, түсіндіре кетсеңіз...

– Ижаза дегеніміз – сонау пайғамбар заманынан бері ұстаздан шәкіртке тізбектеліп келе жатқан Құран оқу шарты. Бұл – Құранға еш күмән болмау үшін, арада бөтен сөздер қосылып кетпеу үшін жасалған шежіре. Барлық қарилардың аты-жөні жазылған шежіре бар. Ижаза алу үшін Құранды жатқа білу аздық етеді. Ол үшін әр әріпті анықтап, созатын жерде созып оқу керек. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) солай оқыған.

Садуахас ұстаздан Құран үйреніп, ижаза алғаннан кейін білімімді әлі де толықтыру мақсатында Мысырға барып, Құранның қағидаларын үйрендім. «Жәзәрия», «Жәмзурия» деген Құранның тәжуиттерін, қағидаларын үйрететін кітаптар бар. Сол кітаптардан да изажа алдым.

Жалпы, Құран он қырағатқа бөлінсе, әр қырағатта екі риуаятан бар. Мен сол бір қырағаттың екі риуаятынан ижаза алып келдім.

– Қазір де оқу үстіндесіз бе, әлде ұстаздық қылып жүрсіз бе?

– Алла нәсіп етсе, өмірімнің соңына дейін оқу үстінде боламын деген ойдамын. Мысырдан ижаза алып келгеннен кейін ұстазым Садуахас қари Ақмола облысындағы Сабынды деген ауылға медресеге ұстаздық қылуға шақырды. Бүгінде сол медреседе балаларға Құран жаттатып, ұстаздық қылып жүрген жайым бар.

– Ең алғаш мектепке бардыңыз ба, әлде мешітке бардыңыз ба?

– Әлгінде айтқанымдай, атам мешіттің имамы болғандықтан да мен мектептен бұрын мешітке бардым. Сол жерден кәлима шәһәдәт айтуды, тамақ ішер алдында «бисмиллә» деуді, дұға жасауды үйретті. Осылайша, мен мектептің әліппесінен бұрын исламның әліппесін үйрендім деп айтсам болады.

– Сонда Құран үйренуді неше жасыңыздан бастадыңыз?

– Негізі, Құран жаттауды 11 жылдық мектепті аяқтап, осы астанадағы қарилар дайындау орталығына келген кезден бастап толық жаттауға кірістім. Ал Құран оқуды 10 жасымнан бастап үйрендім.

– Құранды толық жаттауға қанша уақыт кетті?

– Егер бар ынтаңыз бен уақытыңызды тек қана Құран жаттауға арнасаңыз, екі жылда жаттап шығуға болады. Мәселен, Қарилар дайындау орталығында оқитын шәкірттер таңғы 06:00-де оянып, Құран жаттауға кіріседі. Таң намазын оқып алады да, Құран оқиды. Сосын таңғы асын ішіп келіп тағы да түске дейін Құранмен отырады. Түсте екі сағат тынығып алып, қайтадан Құран жаттауға отырады. Осылайша, Құптан намазына дейін Құран жаттайды. Міне, осындай режиммен жаттайтын болса, екі жылда жаттап шығуға болады.

Ал жұмыс істей жүріп, күнделікті бос уақытыңызда ғана жаттайтын болсаңыз, 4-5 жылдың көлемінде жаттай аласыз.

Аллаға уәде еттім

– Құранды жылдам жаттаудың ерекше тәсілдері бар ма?

– Құран жаттаудағы ерекше тәсіл деп ынтаны айтар едім. Егер ынтаңыз болса жаттау оңай. Ол үшін ерінбей, еңбектену керек. Бірақ, кейде қанша оқыса да, жаттай алмайтын шәкірттер болады. Алла зейінін ашпаса қиын. Сондықтан құптан намазы мен таң намазының арасында нәпіл намазын оқып, Алладан сұрап, күнәлі істерден аулақ жүрген абзал. Тағы бір мәселе, кей шәкірттер ұстазына құрметпен қарамайды. Бұл да Құран жаттаудағы ең елеулі жайттар дер едім.

– Бұған дейін де Құран жарыстарына қатысқансыз ба?

– Иә, облыстық, аудандық деңгейдегі жарыстарға қатысып жүретінмін. Бірнеше жарыста жүлдегер де атанғам. Бірақ, кең көлемде, еліміздің әр аймағынан іріктеліп келген республикалық жарысқа бірінші мәрте қатыстым. Биылғы қарилар сайысы ерекше болды. Себебі қатысушылардың барлығы мықты. Бұл жолы менің бағым жанды. Алла сол мықтылардың ішінен менің жеңімпаз болуымды қалады. Бәрі де Алланың қалауымен.

Осы сайысқа қатысар алдында көңілімде уайым, қорқыныш, ерекше толқу болды. Жатқа білетін Құранды ұмытып қалатын секілді, шатасып кететін секілді сезімде жүрдім. Бас жүлдеге автокөлік тігілгенін ойласам, тіпті сасқалақтаймын. Сосын екі рәкәт намаз оқып, «егер осы жарыста бас жүлдеге қол жеткізсем, жүлдені өзіме емес, осы қасиетті Құранды жаттатқан ұстазыма беремін» деп нәзір қылдым. Яғни, Аллаға уәде еттім. Бұл – ұстазыма деген шынайы құрметім еді. Сол сәттен бастап жүрегімдегі қорқыныш сейіліп сала берді. Әуелі Алла, екі күнге жалғасқан жарыста толқымай, сасқалақтамай, шатаспай, үлкен қари ұстаздардың алдында жаттаған Құранды ойдағыдай оқып шықтым.

Марапаттау сәтінде жүлдегер ретінде мені ортаға шақырып, көліктің кілтін тапсырды. Мен оны ұстазымның қолына ұстатып тұрып: «Ұстаз, бұл менің шынайы шәкірттік пейілім. Егер жүлде алсам, ұстазыма беремін деген Алланың алдында уәдем бар еді. Барлығы да сіздің арқаңыз», – деген едім, алайда ол кісі бұл сыйлығымды қабыл алмады. «Алла тағала саған бұйыртты, өз еңбегің, рахатыңа мін, айналайын. Ниетіңе Алла разы болсын, Алла құтты қылсын!» – деп өзімді құттықтады.

– Құранды жаттау қиын деп жатады. Қиындығы неде?

– Әлгінде айтқанымдай, ынтаның жоқтығы Құран жаттауда көп қиындық тудырады. Қазір үлкен кісілерден, «Жасым үлкейгесін есте сақтау қабілетім жоқ», «Жастар жаттамаса біз жаттай алмаймыз ғой» деген секілді сөздерді жиі естимін. Мен Мысырда оқып жүргенде алпыс, жетпіс, тіпті сексенге жақындаған кісілер Құран жаттап жүрді. Және ол кісілердің ешбірі жастардан кем жаттаған жоқ. Кей сәттерде жастардан озып кететін. Сондықтан ниет болса, қай жаста да Құран жаттау қиын емес.

– Болашақта кім болғыңыз келеді?

– Мен есімді жиып, оң мен солымды тани бастағаннан атам Құранға жақын қылып тәрбиеледі. Сол кезден бері қасиетті Құранды жаттаумен болдым. Ендігі өмірімде де осы Құранға қызмет еткім келеді. Білгенімді үйретсем, білмегенімді әлі де үйренсем деймін.

– Осы кезге дейін уақытыңызды бөліп, Құранды толық жаттап шықтыңыз, енді оны ұмытып қалмас үшін не істеу керек?

– Дұрыс айтасыз, Құранды қайталап оқып тұрмасаңыз, ұмытылады. Ұстаздарымыз айтатын: «Құран деген түбі тесік шелек секілді. Оны толтырдым деп қуанба, бәрібір түбінен ағып кетеді. Сол себептен үнемі үстемелеп тұру керек», – деп. Сол рас сөз.

– Құраннан, діни кітаптардан басқа дүниелік кітаптар оқисыз ба? Мәселен, ақын-жазушылардың, тарихшылардың кітаптарын.

– Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім аталарымыздың еңбектерімен біршама таныспын. Ал жалпы әдеби, тарихи кітаптармен жақын таныспын деп айта алмаймын. Себебі Қосшыдағы қарилар дайындау орталығында оқыдым дедім ғой. Ол, аты айтып тұрғандай, Құран жаттауға баулитын орталық.

Мәселен, физика-матиматиканы тереңдетіп оқытатын мектептерде намаз оқуды немесе ислам тарихын оқытпайды ғой. Болмаса музыкалық мектептерде есеп шығаруды үйретпейді. Сол секілді қарилар дайындау орталығында ислам тарихы, пайғамбарлар өмірі, сахабалар тәлімі, Құранның қасиеттері секілді дүниені жан-жақты оқытады. Соған басымдық беріледі. Дегенмен, Құранмен қатар дүниелік мән-мағынасы бар, тарихи кітаптарды оқитын қарилар да аз емес. Ал өзім спортқа жақындау болғандықтан, Құран жаттаудан сәл босаған уақытта жаттығуға көңіл бөліп тұрамын.

– Уақыт тауып сұхбат бергеніңізге рахмет!

– Алла тағала сіздерден де, бізден де разы болсын! Еңбектеріңізге береке берсін!


Өзгелердің жаңалығы