Отандық палуанға былтырғы Азия чемпионатының күміс жүлдесі табысталады

15 Сәуір 2019, 15:24
2233
Бөлісу:
Отандық палуанға былтырғы Азия чемпионатының күміс жүлдесі табысталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Грек-рим күресінен Қазақстан командасы былтыр Бішкекте өткен Азия чемпионатының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді. Бұл туралы Olympic.kz сайтына ұлттық құраманың бас бапкері Нұрым Дүйсенов хабарлады. 

2018 жылы Бішкекте ұйымдастырылған құрлық додасында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 4 қола медальмен жалпы есепте екінші орынға табан тіреген болатын. 

Алайда, UWW (Біріккен күрес әлемі) 97 келіде белдесіп, чемпион атанған ирандық Мұстафа Салехизадені допинг қабылдағаны үшін жарыстан шеттетіп, алтын медальды қайтарып алды. Осылайша, чемпионат алтыны өзбекстандық Рустам Ақсақаловқа беріліп, қола жүлдегер атанған қазақстандық Ерұлан Ысқақов екінші орынға көтерілді. 

«Күміс медаль ресми түрде қолыма әлі тиген жоқ. Бірақ федерация арқылы UWW (Біріккен күрес әлемі)  ресми хат жібергенін білдім. Бұл менің Азия чемпионаттарында жеңіп алған төртінші жүлдем. 2014 жылы чемпион атансам, қалған үш жарыста күміс пен қоланы еншілеген едім. Шынымды айтсам, қоланың күміске айналғанына айтарлықтай қуанған жоқпын. Өйткені, 2017 және 2018 жылғы Азия чемпионаттарында тап осы ирандық балуаннан жеңілген едім. Күрес кезінде оның әсте шаршамайтынын байқадым. Кейін бір жылдай уақыт оны ресми жарыстардан кездестірмедік. Міне, бүгінде оның допинг арқылы жеңіске жеткенінен хабардар болып отырмыз. Егер ол допинг қабылдамағанда, менің оны жеңіп, финалға шығатын мүмкіндігім бар еді. Спортта тыйым салынған заттарды қолдану көптеген балуанның жолын кеседі», - деді Ерұлан Ысқақов.

Осылайша, Қазақстан командасы 2018 жылғы Азия чемпионатында жалпы есепте бірінші орын иеленіп отыр. Екінші орында Қырғызстан, үшінші орында Өзбексан командалары орналасқан. 

Өзгелердің жаңалығы