Бас жаңалықтар
Күлтөбе қалашығы күзде ашылады
26 Сәуiр 2019, 22:44 927

Күлтөбе қалашығы күзде ашылады

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістан облысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қатысуымен пресс тур өтті. Министр БАҚ өкілдерін Күлтөбе қалашығында атқарылып жатқан археологиялық қазба жұмыстарымен таныстырып шықты.

Түркістан қаласының ежелгі орталығы саналатын Күлтөбе қалашығындағы археологиялық қазба жұмыстары қызу жалғасып жатыр. Бұл жұмыстар 2019 жылдың қаңтар айынан басталған болатын. Қазіргі таңда 15 ғылыми қызметкер, 40 лаборант жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында 950 шаршы метр жерге жұмыстар жүргізіліп, үйді тіреуге арналған тас бағаналар мен тандыр пештің, дәліз бен есік орындары анықталды.

Жалпы алғанда, археологиялық парк-музейді ашу бойынша жұмыс 2021 жылға жоспарланып отыр.


«Біз сіздермен тарихи кезеңде кездесіп отырмыз. Түркістан жерінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Рабия сұлтан бегімнің, басқа да керемет тарихи орындардың болғанын бәріміз білеміз. Біз келіп отырған қалашық Ұлы Жібек жолының бойындағы ерекше орталық болған. Әрине мұның алдын 4-5 жыл археологиялық жұмыстар баяу жүрді. Ал қазіргі кезде Елбасы Түркістан қаласын тек облыс орталығы ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің ортақ қаласына айналады деп шешкен соң, осы жылы қазба жұмыстарын жандандырып жатырмыз. 27 гектар жерді алып жатқан Күлтөбеден кірпішті күйдірген, темірді балқытқан пештің орындары табылды. Мұнда ақша айналымы, балалар ойыншығы, әшекей, тұрмысқа қажетті дүниелер табылып жатыр. Архитектура жағынан өте жоғары дәрежедегі қала болған. Біздің мақсатымыз осыны бір жыл ішінде кеңінен көрсету. Қазір Түркістан қаласында құрылыс қарқынды жүріп жатқандықтан артефакт, мәдени ғимараттарды жоғалтып алмауымыз керек. Сол үшін халықаралық дәрежедегі ЮНЕСКО-ның 14 маманын арнайы шақыртып алдық. Олар осы жерде қызмет істеп жатыр. Қолымызда қаланың картасы бар. Ең бірінші осы Күлтөбе қаласының сыртқы шекарасын анықтауымыз керек. Себебі, бұл жер ортақ қала болғандықтан жалғастырып сала берген орындар бар», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі.

Ал Түркістан қаласында жүргізіліп жатқан құрылыс кезінде табылып жатқан сүйектер туралы мәселеге Арыстанбек Мұхамедиұлы құрылыс компанияларымен арада келіссөз барын айтты.


«Құрылыс барысында сүйектер табылып жатыр, ол заңды нәрсе. Қазір біз барлық жұмысты тоқтатып қойсақ, ол дұрыс емес. Тарихи жер болғандықтан адамның жерленген жері көп, олар табыла береді. Қаншама мың ғасырлық тарихы бар Иерусалим қаласында да әлі күнге дейін артефактілер табылып жатыр. Болгарияда вокзалдың бір шеті құлап қалды, астына қараса үлкен қалашықтың орны шыққан. Өзіміздегі Алтын адамды да Алматы облысында жол құрылысын жүргізіп жатқан кезде тапқан. Әрине, бұл мәселе бізді алаңдатады. Біздің құрылыс компанияларымен келіссөз бар, егер құнды артефактілер, керекті дүниелер табылса, дереу құрылыс жұмыстарын тоқтатып, мамандарды шақырады», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі.

Айта кетейік, Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты Күлтөбе қалашығының алғашқы экспозициялық бөлігін осы жылдың күз айында ашуды жоспарлап отыр.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық