ҚТЖ алдағы жылу маусымына орай көмір тасымалдауға кірісті

22 Шілде 2021, 23:23
1693
Бөлісу:
ҚТЖ алдағы жылу маусымына орай көмір тасымалдауға кірісті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас кеңсесінде теміржолшылар мен көмір тасымалдаушылар кездесіп, алдағы жылу маусымына байланысты туындайтын өзекті мәселелерді талқылады.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаевтың төрағалығымен өткен кеңеске Энергетика министрлігі, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі, көмір разрездерінің өкілдері мен тасымалдаушылар қатысты.

Биыл алты айда шойын жол арқылы 51,5 млн тонна таскөмір тасымалданған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға көбірек. Оның ішінде отандық тұтынушыларға 36,3 млн тонна жеткізілген. Салыстырмалы түрде алғанда, бұл былтырғы көрсеткіштен 9% жоғары. Ал экспортқа 15,2 млн тонна көмір жөнелтілді.

Екі мәселеге баса назар аударғым келеді. Біріншісі – жыл бойына көмірдің біркелкі тиелуі және тамыздан бастап отын түрінің сатып алына бастауы. Бұл жұмыс реті тиімділігін көрсетіп қана қоймай, күзгі-қысқы маусымда көлік тапшылығына ұрынбауға септігін тигізді. Сондықтан барлық мүдделі топтың осы қағиданы берік ұстанғаны абзал. Екіншісі –  «Қазтеміртранс» АҚ өзге де меншік иелері секілді нарықта жұмыс істеп жатыр. Осыған байланысты жүк жөнелтушілердің тасымалданатын көмірді көлікпен қамтамасыз ету жағын барлық меншік иелерімен алдын ала келісіп алғаны жөн, –  деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының жүк қозғалысы жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Оралхан Құлақов.
Қазақстан аумағында 63 мыңнан астам ашық вагон (полувагон) бар, олардың 40 мыңнан астамы – ҚР жекеменшік иелері мен көрші мемлекеттер вагон операторларының балансында, 23 мыңнан астамы – «Қазтеміртранс» АҚ меншігінде.

Кеңес қорытындысы бойынша осы жылдың 1 тамызына дейін ҚТЖ-да көмір тасымалдау мәселелері жөніндегі штаб жұмысын ұйымдастыру туралы шешім қабылданды.

 

Өзгелердің жаңалығы