Кристина Карапетян: Волейболда әдемі қазақ қыздары өте көп

5 Қазан 2020, 11:04
4466
Бөлісу:
 Кристина Карапетян: Волейболда әдемі қазақ қыздары өте көп
Сұхбат PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кристина Карапетян есімі осы күні Қазақстандағы волейбол көрермендеріне жақсы таныс. Ол жақында біздің тілшіге көлемді сұхбат беріп, біраз қызықтарымен бөлісті.

Кристина Ресейдің Чита облысының тумасы. Бала кезінде би және музыкамен (фортепиано) айналысқан. Ал волейболға қызығушылығы тек 12 жасында ауа бастайды. Арада 2 жыл өткенде жергілікті «Забайкалка» командасына қабылданады. 2013 жылы Красноярскінің «Енисей» клубына ауысқанымен, қосалқы құрамда отырып қалады. Осыдан соң, ол Қазақстанға келді. Алдымен «Ертіс», кейін «Жетісу» командаларында өнер көрсетті. 2017 жылы Қазақстан азаматтығын қабылдады. Индонезияда өткен жазғы Азия ойындары мен әлем чемпионатына қатысқан.

 Кристина Карапетян: Волейболда әдемі қазақ қыздары өте көп


Тілші: Карантин қалай өтті?

Кристина Карапетян: Ең қиын кезеңдер наурыздан мамырдың ортасына дейінгі екі ай уақыт. Яғни төтенше жағдай алынғанша оңай болмады. Бәрі басында қатты қорықты. Кейіннен елге бәрібір болып кеткен секілді. Жазда Алматыдағы «Қазақфильм» студиясының жанында пәтер жалдағанбыз. Сонда қыдырып жүрген адам көбейді. Тәртіп сақшылары келіп, қайтарып жататын. Менің карантинде жолым болды. Жарақатымнан айығуға көмектесетін адам таптым. Ол болмағанда жарақатым қазір жазылмауы да мүмкін еді.

Тілші: Жалпы, жарақатты жиі аласыз ба?

Кристина Карапетян: Осы жолғы жарақатым ең ауыры әрі ұзаққа созылғаны болды. Жарақатты Павлодарда «Алтай» командасымен ойын кезінде алдым. Басында ет қызуымен бе ештеңе сезілмеді. Ота сәтті өтті.

Тілші: Биылғы маусымды қай команда сапында жалғастырасыз?

Кристина Карапетян: «Алматы» клубымен келісімге келдім. Алдағы маусымда осы командада ойнаймын. Екі аптадан бері доппен жаттығуды бастап кеттім. Команданы бұл маусымда Юлия Толкушева жаттықтырады. Әзірге команда күніне бір рет қана жаттығу жасап жүр.

 Кристина Карапетян: Волейболда әдемі қазақ қыздары өте көп

Тілші: Ал маусым қашан басталады?

Кристина Карапетян: Федерация іріктеу кезеңдері өтпейтінін хабарлады. Оның үстіне, 2020/2021 жылғы маусымның болатын не болмайтынын да білмейміз. Бәрі белгісіз.

Тілші: Көрші Ресейде чемпионат басталып кетті емес пе? Біз неден қорқамыз?

Кристина Карапетян: Өзім де түсінбеймін. Ресейде өткен демалыста чемпионат басталды. Көрермендерді де кіргізіп жатыр.

Тілші: Осыған дейін бір сұхбатыңызда Азия елдерінен ұсыныс түскенін айтып едіңіз. Неліктен Қазақстанда қалдыңыз?

Кристина Карапетян: Индонезия командасынан ұсыныс болған. Өйткені чемпионат ұзаққа созылмайды. Мысалы, оларда чемпионат желтоқсан және келесі жылдың сәуір-мамыр айларында өтеді. Бірақ төлейтін жалақысы Қазақстанның бір маусымға беретін ақшасынан көп. Алайда пандемия көп жоспарға кедергісін келтірді ғой. Олар нақты жауапты өз елдеріне шетелдік ойыншылардың кіруіне рұқсат беріле ме, жоқ па, сол жағы анықталғанда айтамыз деген.

 Кристина Карапетян: Волейболда әдемі қазақ қыздары өте көп

Тілші: Жеке агентіңіз бар ма?

Кристина Карапетян: Ресми түрде келісімшарт жасағанымыз жоқ. Бірақ ол маған команда іздейді. Егер оның тапқан командасымен келісімшарт жасасып жатсам, белгілі бір пайызын алады. Кипр, Грекия туралы айтқан еді. Мен өзім ол жақтарға баруға тырыспадым. Сосын Қарағандыдан ұсыныс болған. Өйткені олардың үздік ойыншыларының бірі Кристина Иноземцева жарақаттанып қалған болатын. Бірақ кейін «Қарағанды» командасының бас бапкері менің ауысқанымды қолдай қойған жоқ. Сосын «Алматы» клубының бапкерін жаттықтырған Анатолий Дьяченкомен сөйлестім. Ойланатынын айтты. 5-6 күн хабар болмаған соң, мені қажетсінбеген шығар деп топшыладым. «Жетісу» командасының бас бапкері Бурхан Жанболатпен де хабарластым. Ол бірақ командасы толық, құрамына көңілі толатынын жеткізді. Енді, міне, 14 қыркүйекте «Алматы» командасымен жаттығу жасау жайлы ұсыныс түсті. Жарақатымнан енді айығып келе жатқан соң, ақырындап жаттығуға кірістім.

Тілші: Волейболда жаттықтырушының әйел немесе ер адам болғанының маңызы бар ма?

Кристина Карапетян: Әрине, айырмашылығы бар. Бірақ қайсысы дұрыс екенін айта алмаймын. Өйткені әр бапкер әр түрлі. Кейде әйел бапкердің болғаны дұрыс секілді көрінеді, ол сені әйел ретінде түсініп тұрады. Ал енді бірде ер адамның аяушылық танытып, егер үлкен адам болса қызындай қарайтын сәттері бар. Сондықтан кесіп-пішіп айту қиын.

 Кристина Карапетян: Волейболда әдемі қазақ қыздары өте көп

Тілші: Өзіңіз қай бапкерді жаныңызға жақын тұтасыз?

Кристина Карапетян: Былтыр өмірден өткен Виктор Бичевойды айтар едім. Ол кісі маған әкем сияқты болып кеткен адам. Адамгершілігін ерекше бағалаймын.

Тілші: Әйелдер командасында ойыннан кейін бір-біріне анайы сөздер айтатын сәттер бола ма?

Кристина Карапетян: Әрине, бірақ ерлер командасындағымен салыстыруға келмейді. Сосын команданың нәтижесіне де байланысты. Жеңген мен жеңілген сәттің айырмашылығы бар.

Тілші: Фотосессияларға түсетініңізді білеміз. Суретке түсіретін фотографтың әйел болғаны сіз үшін маңызды ма?

Кристина Карапетян: Мені әлі күнге дейін ер фотограф түсірген емес. Өйткені аздаған ыңғайсыздық болады.

 Кристина Карапетян: Волейболда әдемі қазақ қыздары өте көп

Тілші: Жарнама, әртүрлі демеушілер тарапынан ұсыныстар бар ма?

Кристина Карапетян: Мен негізі кез келген ұсынысқа ашықпын. Бірақ ондай ұсыныстар болған жоқ. Егер, бәлкім, қазақ қызы болғанда бәрі басқаша болар ма еді? Негізі волейболда әдемі қазақ қыздары көп. Сәбина Алтынбековадан бөлек Әлия Батқұлдинова, Жәмилә Барлыбаева, Бота Сәрсенбаеваларды айта аламын.

Тілші: Спортшылардың да киноға түсіп жататыны баршылық. Сізде ондай арман жоқ па?

Кристина Карапетян: Менде актерлік шеберлік жетіспейді. Камера жоқ кезде, әрине, көп нәрсе қолдан келеді. Бірақ камераның алдында қысыламын. Ұсыныстар түссе, әрине, дайынмын. Ондай арманым бар екені жасырын емес.

Тілші: Тұрмыстық жағынан қай қалада қиындықтар көп болды?

Кристина Карапетян: Бәлкім, Паввлодар шығар. Осыдан 4 жыл бұрын ең алғаш келгенде жақсы болған. Бірақ кейінгі екі жылда бәрі қиындап кетті. Қала суық, басқа да жағдайлар бар. Оның үстіне, жарақаттан жарақат көбейді.

Тілші: Өмірде біреумен төбелесуге тура келген жағдайлар кездесті ме?

Кристина Карапетян: Бір рет болған. Ол кезде жасым 14-15 шамасында болса керек. Чита қаласының командасымен Красноярскіге турнирге барғанбыз. Сонда жергілікті команданың бір қызы менімен бірге келген Дашаға тиісе бастайды. Құрбыма араша түсіп, төбелескенім бар. Сол жолы турнирде жеңімпаз атандық. Бұдан кейін мүлдем ешкіммен төбелескен емеспін. Бірақ кейде әбден шаршатқанда біреулерді ұрғың келетін сәттер болады.

Тілші: Жекпе-жек түрлерінен қайсысы ұнайды?

Кристина Карапетян: Кезінде самбоға қатысқым келген. Маған самбо жақынырақ.

Тілші: Әлеуметтік желіде өте белсендісіз. Instagram-ға күніне қанша сағатыңызды арнайсыз?

Кристина Карапетян: Үйде болған кезде бірнеше күнге контент-жоспар құрып, ұзақ отырамын. Видеолар жүктегенде монтажын бәрін өзім жасаймын. 15 минуттық видео-роликті Youtube желісіне жүктеу үшін 4 сағатқа дейін отырасың.

Тілші: Энергиясы тасып тұрған бала болған шығарсыз?

Кристина Карапетян: Иә, өте белсенді болдым. Ата-анам 2 жасымда биге берді. 8 жыл биге қатыстым. Одан кейін музыкаға аңсарым ауып, фортепиано үйрендім. Анам Читаға көшіп келген соң, дене шынықтыруға көңіл бөле бастадым. Жаныма спорт жақын еді.

Тілші: Бірінші жұбайыңызбен ресми түрде ажырасқаңызға көп болса да, Карапетян деген тегіңізді ауыстырмай жүрсіз. Мұның себебі неде?

Кристина Карапетян: Мен ажырасқан жылы азаматтық ауыстыратын болдым. Бірінші тегімді өзгертіп, одан азаматтық ауыстыру өте көп уақыт алатын еді. Сосын қалып қойды. Ал қазір көпшілік Кристина Карапетян деп таниды. Сосын бренд болып қалыптасып келе жатқан соң, тиіскен жоқпын.

 Кристина Карапетян: Волейболда әдемі қазақ қыздары өте көп

Тілші: Көпшілік осы тегіңізге қарап сізді армян ұлтының қызы деп ойлап қалатын болар?

Кристина Карапетян: Иә, солай ойлайтындар, сұрайтындар көп. Негізі менің әкем молдован ұлтының өкілі. Тегіме қарап, көптеген армян «барев дзес» деп амандасып жатады.

Тілші: Қазақстан азаматтығын қалай қабылдадыңыз?

Кристина Карапетян: Менің «Енисеймен» (Ресейдің Красноярск аймағының волейбол командасы) келісімшартым аяқталды. Сол кезде тіпті волейбол ойнауды қоямын деп ойлағанмын. Маусым сәтсіз болды. Қосалқы құрамда отырып қалдым. Ресейде бәсекелестік жоғары. Әрі қарай не болатынын білмедім. Менімен агент Ткаченко хабарласып, Қазақстаннан екі ұсыныс бар екенін айтты: Біреуі –Астанадан (қазіргі Нұр-Сұлтан) және екіншісі – Павлодардан. Қаржылық жағынан екеуі жобалас айтты. Мен интернеттен командалардың мүмкіндігін, чемпионаттағы жағдайын, бапкерін, қандай ойыншылары бар екенін қарадым. "Астана" командасын ол кезде мені танитын бапкер жаттықтырады екен. Әдетте, бұл бапкердің командасының ойыншылары жиі жарақат алатынынан хабардармын. Себебі, жаттығуда тым қатты қинайды. Сосын оған баруға құлшыныс болмады. Сөйтіп, «Ертіске» ауысып, бір жыл ойнадым. Бұл менің карьерамдағы ең үздік маусым. Маусым соңында азаматтық ауыстыру туралы айтты. Сол тұста Талдықорғанның «Жетісу» клубына ауысып, олар осы мәселені өздері реттеп берді.

Тілші: Волейболшылардың да бір-бірімен отбасы құрып жатқандары жетерлік. Осы туралы айтып беріңізші...

Кристина Карапетян: Иә, өте көп. Меніңше, спортшылар бір-бірін жақсы түсінеді. Сондықтан деп ойлаймын.

Тілші: Өзіңізді басқа салада да сынап көрдіңіз бе?

Кристина Карапетян: Иә, басқа нәрселермен де айналысып көрдім. Бірақ бәрібір де волейболды аңсап тұрасың. Не істесем де спорттағыдай болмайтынын сезесің. Дегенмен волейбол ойнамасам да, қолымнан табыс табу келетінін түсіндім.

Тілші: Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы