Кристин Лагард Абайдың өлеңінен мысал келтірді

16 Мамыр 2019, 13:30
1803
Бөлісу:
Кристин Лагард Абайдың өлеңінен мысал келтірді
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өтіп жатқан XII Астана экономикалық форумына қатысушы Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард  өзінің баяндамасында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың өлеңінен мысал келтірді.


«Қазақтың ұлы ақыны Абайдың мына өлеңі есіме түсіп тұр: «Ақырын жүріп анық бас, еңбегін кетпес далаға» деген. Сондықтан осы идеяны ұсынғым келеді –  яғни ақырын жүре отырып, қадамды анық, сенімді басу керек», - дейді Кристин Лагард.

Ол әлемдік экономикада өсім болғанымен, адамдардың көбісінде даму қарқыны байқалмайтына қынжылысын білдірді. 

«Өкінішке қарай, 2019 жылы жаһандық ЖІӨ-нің 70% баяулап кетті. Әрине, рецессия орын алып отыр деп айта алмаймын. Бірақ былтырғы жылмен салыстырғанда бәсеңдік байқалады. Мысалы, экономикалық өсім – 3,6 болса, биыл 3,3 %-ға дейін төмендеген. Ешқандай қаржылық тұрғыда қосымша тәуекелдер болмайды деп сенеміз. Алдағы 6 айдың ішінде жаһандық шиеленістің төмендеуін болжап отырмыз. Бұл ретте шиеленістік жағдайлар бәсеңдейді деп үміттенеміз. Әсіресе, АҚШ пен Қытай арасындағы жағдайға қатысты» - дейді  Лагард.

Айта кетейік, АЭФ-тың  басты мақсаты – жаһандық үрдістерді зерттеу және Қазақстан дамуының практикалық саясатын жасау үшін экономикалық саясат пен ғылым саласында тәжірибе алмасу алаңын құру. Астана экономикалық форумы 11 жылдың ішінде әлемдік экономика мен қаржы жүйесін жетілдіру және дамыту мәселелерін талқылауға арналған ең беделді халықаралық платформалардың бірі ретінде мәртебеге ие болды. Форумға әлемнің 150 елінен 50 000-ға жуық делегаттар, оның ішінде 20-дан аса Нобель сыйлығының лауреаттары және 30 жоғары дәрежелі шетелдік саяси қайраткерлері қатысып үлгерген. 

Форумға келген шетелдік қонақтардың арасында  Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристин Лагард, Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн, Армения Республикасының Президенті Армен Саркисян бар. Жалпы, форумға 5 492 адам тіркелген.
Өзгелердің жаңалығы