Көзден аққан кристалдар: армениялық әйел ерекше дертке душар болды

20 Қыркүйек 2019, 12:55
3548
Бөлісу:
Көзден аққан кристалдар: армениялық әйел ерекше дертке душар болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арменияда 22 жастағы бойжеткеннің көзінен жас емес, кристалл ағады. Жергілікті дәрігерлер қызға диагноз қоя алмай қиындыққа тап болып отыр.

«МИР 24» мәліметіне сүйенсек, Сатеник Казарянның көзіндегі өткір кристалдар күнделікті алынып отырады. Соңғы екі айда бұл үйреншікті процедураға айналып кеткен. Күні бойы алынатын кристалдар саны 30-ға дейін жетуі мүмкін. Кристалдарды алып жатқан кездегі ауырсыну қыздың жанына батады. Кристалдардың қалай пайда болатыны беймәлім.

«Мен бастапқыда стоматолог дәрігерге бардым. Кейіннен көзіме шаң-тозаң түсіп кетті ме деп ойлап офтальмологке бардым. Дәрігер менің көзімнен бірнеше кристалл алып шықты. Қазір менің әрбір күнім азапқа толы», – дейді Спандарян ауылының тұрғыны Сатеник Казарян.

Бұл құбылысты дәрігерлер де түсіндіре алмай отыр. Сатеник диагнозды анықтау мақсатында ең алдымен көршілес жатқан Артик қаласына барды. Ол жердегі мамандар оның көзінен бірнеше кристалдарды алып, диагноз қою үшін Ереванға жіберді.

«Ереванға келген кезде бізді невропатологке жіберді, екінші дәрігер қабылдап, көзімнен кристалдарды алып берді. Біз тамақ ішуге сұранып шығып кетіп, біршама уақыт өткеннен кейін қайтып келгенде Сатениктің көзінен тағы да кристалдар түсе бастады. Бұны көрген дәрігер бізге сенбейтінін айтып, кабинетті босатуды сұрады», – деді Сатениктің туысқан әпкесі Земфира Микаэлян.

Көз ауруы жанына бататынына қарамастан, Сатеник үй шаруасының бәрін өзі дөңгелетіп отыр. Күйеуіне де көмектеседі. Оның жұбайы әрдайым оны қолдап, дәрігерлер көмек беретініне сенімді.

«Дәрігерлер Сатеникке бірнеше дәрі-дәрмек жазып берді. Ол бірнеше күн антибиотик ішіп, көзіне тамшы тамызғасын кристалдар жоғала бастады. Алайда, оның жағдайы күрт нашарлап, препараттарды ішуді тоқтатуға мәжбүр болды», - деді оның күйеуі Сурен Микаэлян.

Арменияның Денсаулық сақтау басқармасы Сатениктің жағдайына қатысты мәлімдеме жасады.

«Біз Денсаулық сақтау министрлігінің бас кеңесшісі офтальмолог Арташес Зильфянмен екі рет кеңес өткіздік. Ол пациентпен кездесіп, оның қарап тексерді. Біз Сатеникпен бірге ауру анамнезі туралы деректерді жинап, тағы бір дәрігерлік консилиум өткіземіз. Сол кезде науқас не себепті бұндай ауруға душар болғаны белгілі болады», - деді Армения Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Оганес Арутюнян.

Егер армениялық мамандар нақты диагноз қойып, емдеу тактикасын жүргізе алса, мүмкін осындай дертке тап болған басқа науқастарды да құтқарып қалуға мүмкіндік болады.

Айта кетейік, әлемде осыған ұқсас екі оқиға тіркелген.

Бразилиялық мұғалім мен ливандық бойжеткен де жылаған кездерінде көздерінен жас емес, кристалл ағатын көрінеді.

Батыс дәрігерлерінің айтуынша, бұл цистиноз ауруы салдарынан пайда болатын дерт.

Цистиноз дегеніміз аминқышқылдар алмасымының туабітті бұзылуы. Бұл ауруға ұшыраған адамның органдары мен тіндерінде цистин кристалдары жинақтала бастайды.

Өзгелердің жаңалығы