Бес өңірде көтерме-тарату орталықтары салынып жатыр

20 Тамыз 2019, 10:52
2701
Бөлісу:
Бес өңірде көтерме-тарату орталықтары салынып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында қайта сатып алушыларды қысқарту мен тамақ өнімдерін сақтау, буып-түю, өткізу және тасымалдау бойынша өндірушілерге қызметтер көрсету мақсатында, көтерме-тарату және тарату орталықтарын салу жоспары туралы баяндады. 

Оның сөзінше Жамбыл, Батыс-Қазақстан, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында көтерме-тарату орталықтарын салу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 

«Маңғыстау облысында қаражаттың болмауына байланысты Ақтау қаласында көтерме-тарату орталығының құрылысын іске асыруды 2020 жылға ауыстыру ұсынылады. Алматы, Ақтөбе, Семей қалаларында тарату орталықтарын салу жоспарлануда. Ақтөбе қаласында құрылысқа арналған жер учаскесі анықталды, Алматы қаласында жер учаскесін растау күтілуде, Семей қаласында жоба талқылау барысында. Өндірістің тиімділігін арттыру және түпкілікті тұтынушыға тауар жеткізу құнын төмендету үшін бізге тарату орталықтары қажет», - деді Сауда және интеграция министрі.

Сұлтанов былтыр Ресей, Орталық Азия және Қазақстанның ішкі тауар айналымының көлемі 579,6 млрд АҚШ долларын құрағанын айтып, елімізде сату жүйесін құруда үлкен потенциалға ие екенін айтты.  

«Бұл жүйе тауарлардың өзара жеткізілімін, қазақстандық тауарлардың экспортын, Орталық Азиядан Ресейге тауарлардың транзитін ұйымдастырады және көршілерімізбен бірге өндірушілердің бірыңғай пулын құруды қамтамасыз етеді. Көтерме-тарату және тарату орталықтарының құрылуы барлық бөлшек сауда форматтарында, оның ішінде бөлшек сауда желілері, базарлар мен үй жанындағы дүкендерге азық-түлік өнімдерін тұрақты жеткізеді», - деді ол.

Министр көтерме-тарату және тарату орталықтарын салумен қатар бөлшек сауда инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүргізілетінін айтты. Осы мақсатта өңірлерде 30-дан астам ірі сауда объектісі салынып жатқанын, 50 астам сауда базарлары жаңғыртылатынын айтты. 

«Бұл өркениетті сауда үшін қосымша жағдайлар жасайды, халықтың жеткілікті инфрақұрылымымен және тауарлардың кең түрімен қамтамасыз етілуін арттырады, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны төмендету үшін нарықтағы бәсекелестікті арттырады. Осыған байланысты, өңірлер белгіленген мерзімде көтерме-тарату мен тарату орталықтарының құрылысын қамтамасыз ету, сауда объектілерінің құрылысын және базарлардың жаңғыртуын аяқтау қажет», - деді Сұлтанов.

Бұған дейін ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары туралы баяндап, қымбаттаған 10 азық-түлік тауарын атады. Сонымен қатар, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының өсу себептерін атап, Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын заң жобасы әзірленіп жатқанын және азық-түлік бағасына апта сайын бақылау жүргізілетінін айтты. 

Өзгелердің жаңалығы