Қостанайлық диқандардың көктемгі науқанға дайындығы қалай?

25 Наурыз 2021, 16:30
1078
Бөлісу:
Қостанайлық диқандардың көктемгі науқанға дайындығы қалай?
PHOTO

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Аймақта қарақұмық алқабы 10,5 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Егістіктен шамамен 6 мың тонна өнім алынады. Бұл облыс халқының қарақұмық жармасына жылдық қажеттілігін жабуға жеткілікті. 

Мол әрі сапалы өнім алу үшін

Қостанайлық диқандардың көктемгі науқанға дайындығы қалай?

Қостанай облысында 5,2 млн гектар егіс алқабы бар. Оның 75%-ына дәнді дақылдар, 15%-ына майлы және жемшөп дақылдары егіледі.

Саланы әртараптандыру мәселесі әлі де өзекті. Әлі күнге дейін тек бидай сеуіп жүрген шаруашылықтар көп. Аудан әкімдіктері жер ресурстарын ұтымды пайдалану, өңделетін дақылдардың тізбегін кеңейту, минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемін ұлғайту, суармалы егіншілікті дамыту бойынша жұмыс жүргізуі қажет. Осы жылы отандық зауыттарға майлы дақыл тұқымын қайта өңдеуге тапсырғандарға субсидия берілетін болды. Бұған 250 млн теңге қаражат қаралып отыр, - деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов әкімдіктегі кезекті отырыста.

Минералды тыңайтқыштар көлемін арттыру қажет. Өңір басшылары тауар өндірушілерге осындай ұсыныс айтып отыр. Егістік алқаптарына кем дегенде 164 мың тонна тыңайтқыш себілуі тиіс.

Өндіріс көлемін арттыру, тұрақты өнім алу үшін қосымша резерв – суармалы жерлерді тиімді пайдалану. 2020 жылы облыстағы 4,7 мың гектар жерге жемшөп, картоп және көкөніс егілді. Биыл алқап көлемі 1,5 мың гектарға ұлғайтылмақ. Ғауез Нұрмұхамбетовтің мәлімдеуінше, 2030 жылға дейін аймақтағы 5 ауданда тағы 16,6 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу жоспарланып отыр.

Мол әрі сапалы өнім алу үшін зиянкестер мен арамшөпті улауды да ұмытпауымыз керек. Болжам бойынша, осы жылы аса қауіпті ауруларға қарсы 420 мың га егістік, зиянкестерге қарсы 55 мың га және арамшөпке қарсы 1 млн 144 мың га алқап өңделеді. Бұл жұмыстарды жүргізу үшін мемлекеттік қолдау қарастырылған, өткен жылдан бастап аса қауіпті зиянды организмдер мен ауруларға қарсы пестицидтер субсидияланады. Тауар өндірушілер егістікті қорғау бойынша барлық іс-шаралар кешенін жүргізуі қажет, - дейді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Мұрат Досжанов. 

Ылғал жеткілікті ме?

Қостанайлық диқандардың көктемгі науқанға дайындығы қалай?

Облыс диқандарының көктемгі науқанға дайындығы қарқынды. Енді бірер күнде сақадай сай боламыз деп отыр.

Қазірдің өзінде алдағы науқанға 85-90% дайын отырмыз. Құрал-саймандарымызды ретке келтіру, жанар-жағармай тасу жұмыстары қалды. Жұмысшыларымыз жеткілікті. Гербицидтер мен тыңайтқыштарға, тұқымға да субсидия алып жатырмыз. Ешқандай мәселе жоқ, - дейді шаруа қожалығының жетекшісі Нұркелген Өтеулин.

Биыл тауар өндірушілерге есептелген тұқым қоры – 530 мың тонна. Одан бөлек, тұқым шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар сатуға 76,3 мың тонна өнім шығарып отыр, оның 57 мың тоннасы жоғары сұрыпты және бірінші репродукция. Бүгінге дейін шаруашылықтар шамамен 30 мың тоннаны сатып алуға шарт жасасып үлгерген.

Сұрып жаңарту көрсеткішін биыл 4,7%-ға дейін жеткізу керек. Бюджетте жоғары репродукциялы тұқым сатып алуды субсидиялау үшін қаражат көзделген, - деп атап өтті Ғауез Нұрмұхамбетов.

Алдағы науқанға 22,6 мың трактор, 1,1 мың егіс кешені, 22 мың тұқым сепкіш техника жұмылдырылады. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы таратқан ақпаратқа сүйенсек, машина-трактор паркінің дайындық деңгейі бүгінде 90%-ға жуықтайды.

Осы жылы егін егуге 1 млн га пар, 1,7 млн га күзгі сүдігер дайындалды, 1,4 млн га алаңда қар тоқтатылды. Көктемгі дала жұмыстарын атқару үшін облысқа арзан бағада 71 мың тонна дизель отыны беріліп отыр. (1 литрі – 170 теңге).

Ресми деректерге сүйенсек, қазіргі уақытта алқаптардағы ылғал жеткілікті көлемде. Қыркүйектен наурыздың бірінші онкүндігіне дейін 159,7 мм ылғал түскен.

Қыс басталар алдында топырақтағы ылғалдың орташа деңгейі бұрынғы жылдардан сәл төмен болғанын естерген жөн. Ендігі жағдай қардың қалай еруіне, күн райына байланысты, - дегенді айтады облыс әкімінің орынбасары.

Диқандар өткен қысты «қарлы маусым» деп атады. Биылғыдай қар Қостанайда кейінгі 20 жыл ішінде болмаған. Ал синоптиктер атап кеткендей, соңғы 60 жылда біздің облыста мұндай жағдай тек екі рет – 1963 және 1999 жылдары байқалған.

Тәжірибелі фермерлер қардың көп болуы егіннің бітік шығуын болжауға себеп емес екеніне сенімді. Мысалы, өткен жылы да қар көп болды, бірақ ол қар өнімге әсер етпеді. Қатқыл көктем топырақ құнарын жақсартуға мүмкіндік бермеді.

Сондықтан, егін туралы болжам жасауға әлі ерте. Көрсеткіш масақ басы иілер шақта, маусым-шілде айларында белгілі болады. Ал дән себуге ең оңтайлы мерзім 15 мамырдан басталады, - дейді ауыл шаруашылығы саласының ардагері Ибраш Естаев. 

Жобалар ауқымды, жоспарлар айқын

Қостанайлық диқандардың көктемгі науқанға дайындығы қалай?

2021 жылы Қостанай облысында 102 шаруашылық «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы көмегімен жаңа технологияларды енгізіп отыр. Атап айтқанда: егін шаруашылығында – 63, мал шаруашылығында – 39. Соңғы үш жылда жаңа технологиялар өңірдің 127 ауыл шаруашылығы құрылымдарына енгізілді, экономикалық тиімділік шамамен 4 млрд теңгені құрады.

Облыс басшылығы аудандар мен қалалардың әкімдеріне, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына көктемгі дала жұмыстарын сапалы, уақытылы атқарумен қатар, жер ресурстарын ұтымды пайдалану талаптарын сақтау қажеттігін де ескертіп отыр.

Сонымен бірге, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу маңызды. Өткен жылы тауар өндірушілер үшін көктемгі дала жұмыстары кезінде «жасыл дәліз» құрылды. Биыл да ешқандай кедергі болмайды. Тек сақтық шаралары бірінші орында тұруы тиіс, - деді Ғауез Нұрмұхамбетов.

Осы жылы егіншілік, мал шаруашылығы және қайта өңдеу саласында 12 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Өңірдегі ірі серіктестіктердің бірі бірден тоғыз жобаны қолға алып отыр. Оның сегізі – әрқайсында мыңнан артық сиыр сауылатын сүт-тауар фермалары. Биыл үш не төрт ферманың құрылысы аяқталуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов 15 ақпанда өткен халыққа есеп беру кездесуінде де айтып кеткен болатын. Сондай-ақ кәсіпорын тәулігіне 50-ден 240 тоннаға дейін сүт өңдеп, балалар тағамын шығаратын зауыт салады. Сүт фермаларына есептелген инвестиция көлемі 40 млрд теңге болса, балалар тағамын шығаратын зауытқа 10 млрд теңгеден астам қаржы құйылмақ.

Тағы бір серіктестік 4,5 млрд теңгеге ірі сүт-тауар фермасын ашуды көздеп отыр. Ет өңдеу саласында екі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда: біреуі – Қостанай қаласында, екіншісі – Қарабалық ауданында. Бұл орындарда күніне 50-60 бас мал сойылады.

Бейімбет Майлин ауданында жылына 10 мың тонна бройлер өнімін нарыққа шығаратын кәсіпорын да маңызды жобалардың бірі. Жобаның құны – 5,3 млрд теңге, мұнда 134 адам жұмысқа алынады.

Бұл жобалар толық қуатымен іске қосылғанда облыстағы сүт өндірісінің көлемі 25% дейін ұлғайып, қайта өңдеу кәсіпорындарының қуаты артады. Өңірдің экспорт әлеуеті күшейіп, импорт көлемі азаяды, - деп толықтырды облыс әкімінің орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.

Өзгелердің жаңалығы