Қостанайдағы оңалту орталығы жаңа кейіпке енді

7 Маусым 2021, 17:02
2398
Бөлісу:
Қостанайдағы оңалту орталығы жаңа кейіпке енді

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Меңдіқара ауданындағы Мұхамеджан Қарабаев атындағы оңалту орталығында жыл бойы жүргізілген күрделі жөндеу аяқталды. 

Отыз жылдан астам туберкулезге қарсы санаторий орналасқан мекеме қызмет бағытын 2019 жылы өзгерткен еді. Сөйтіп, облыста оңалту орталығы пайда болған.

Ғимаратты күрделі жөндеуге «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық (600 млн теңге) және облыстық (300 млн теңгеден астам) бюджеттерден 900 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Бұрынғы ғимараттың қаңқасы ғана сақталды. Қабырғалары, терезелеры, есіктері, тіпті төбесі де ауыстырылды. Кәріз, желдеткіштер, балкондар, қасбет, лифт, бәрі жаңартылды. Жақында жиһаздарды, медициналық және кір жуатын жабдықтарды сатып аламыз. Өйткені, бәрі 1986 жылдан бері жаңартылмаған еді, – дейді орталықтың бас дәрігері Нұрхан Өтегенов.

Жөндеу жұмыстары жүріп жатқанда, орталық науқастарды жергілікті колледж базасында қабылдады. Оқу орны аумағында 85 төсек орын орнастырылды. Оған колледж басшылығы ақы сұрамаған. Бүгінде оңалту орталығы өзінің үйреншікті ғимаратында жұмыс істеп жатыр.

Орталықта 150 төсек орын бар: 30 травматологиялық; 10 ортопедиялық; 30 неврологиялық; 30 кардиологиялық; 50 фтизио-пульмонологиялық (оның ішінде ковидтен кейінгі пациенттер үшін – 40). Қазір мұнда қырықтан астам адам ем қабылдауда.

Қостанайдағы оңалту орталығы жаңа кейіпке енді

Бұрын бүкіл қабатта екі дәретхана ғана болса, қазір әр бөлмеде бар. Балкондардан әдемі табиғат көрінісін тамашалай аласыз. Қарағайлы орманда, таза ауада серуендеп қайтуға да болады.

Асханасы да өзгерген. Оны екі бөлікке: 150 орынға және жеке кіру-шығу есігі бар 50 адамға арналған VIP-залға бөлді. Әзірге асхана мәзірі барлығына бірдей, бірақ көп ұзамай әртүрлі тағамдар әзірленетін болады.

Жаңа мәжіліс залында кешке фильмдер көрсетіледі. Концерттер, конференциялар өткізуді де жоспарлап отыр.

Қостанайдағы оңалту орталығы жаңа кейіпке енді

Оңалту орталығында ауыр жарақат, инсульт, инфаркт, өкпе аурулары, жүрек операциялары бар адамдар денсаулығын қалпына келтіре алады. Коронавирустан жазылғандар да емделеді. Емдеу курсы 10 күннен бір айға дейін жалғасады.

Оңалту орталығы жылына 3500 науқасты қабылдай алады. Тегін процедуралар пакетінен басқа, орталық ақылы қызметтерді де ұсынады.


Өзгелердің жаңалығы