Бас жаңалықтар
Қостанайда «Жасыл ел» жасақтарына 200 орын бөлінді
12 Мамыр 2021, 15:15 562

Қостанайда «Жасыл ел» жасақтарына 200 орын бөлінді

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай қаласында «Жасыл ел» жасақтарына өтінімдер қабылдау 17 мамырда басталады.

Осы жылы «Жасыл ел» жасағына іріктеу, жас жауынгерлермен ақпараттық және идеологиялық жұмысты «Sanaly urpaq-2050» қоғамдық қоры жүргізетін болады.

«Жасыл ел» бағдарламасын ішкі саясат бөлімі және жастар мәслихатымен бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Қаланың әрбір оқу орнында Жастар мәслихатының өкілдері бар. Олар колледждерде ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал 17 мамырдан бастап «Жасыл елге» кіруге ниет білдірушілерден өтінімдер мен құжаттарды қабылдауды бастаймыз. Біздің міндетіміз – жасақтар жинау, олармен идеологиялық жұмыс жүргізу. Өйткені «Жасыл ел» ағаш егу, шөп шабу ғана емес, бұл оқушылар мен студенттердің экологиялық тәрбиесі. Қаланы абаттандыруға кіріскен жастар табиғатқа басқаша қарай бастайды, - дейді қор төрағасы Серік Манасбаев.

«Жасыл ел» жасақтары үш ай жұмыс істейді: маусым, шілде және тамыз. Оған қала басшылығы 200 жұмыс орны бөліп отыр. Өтінімдер 16 жастан асқан жасөспірімдерден қабылданады. Айлық төлем жасақтың атқаратын қызметі мен жұмыс кестесіне байланысты 60-80 мың теңге аралығында.

Жастарды жинап, әңгімелесу өткізгеннен кейін біз жасақтарды Қостанайдың мердігер ұйымдарына жібереміз. Олар қалада ағаштарды әктеп, кесу, суару жұмыстарын істейді. Жасақ мүшесі өзін жақсы жағынан көрсете білсе, екінші айда да жұмыс істей алады, - дейді Серік Манасбаев.




Фото: дереккөз
Загрузка...