Қостанайда аулаларды абаттандыруға 1 млрд теңге қарастырылған

30 Мамыр 2021, 13:59
8094
Бөлісу:
Қостанайда аулаларды абаттандыруға 1 млрд теңге қарастырылған
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылы облыс орталығында 1 млрд теңгеге 65 аула аумағын жөндеу жоспарланған.

Кейінгі үш жылда Қостанай қаласында аулаларды абаттандыру жұмысы белсенді жүргізіліп келеді. 2019 жылы көп аулада жаңа асфальт төселіп, жиектастар мен қоршаулар ауыстырылды. Сол жылы 1,3 млрд теңге бөлініп, 423 ауланың жетпісі жаңарған. Оның 350 млн теңгесі 30 аулада сегіз футбол алаңы мен 22 балалар ойын кешенін орнатуға жұмсалды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, 2020 жылдың өзінде 161 аулада жалпы сомасы 1,7 млрд теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында балаларға арналған 89 алаң жаңартылды. Аулаларды абаттандырумен екі мердігерлік ұйым айналысқан.

Қостанайда аулаларды абаттандыруға 1 млрд теңге қарастырылған

Ойын алаңдарын ауыстыру, жаңалау жұмыстары әлі де жалғасады. Жоғарыда аталған тиесілі мекеме мамандары жаңа карусельдер мен әткеншектер алдағы үш-төрт жыл көлемінде қаланың бүкіл жерінде пайда болатынын айтады.

Сонымен бірге, аулаларды қауіпсіздік мәселесі де басты назарда.

Өткен жылы орнатылған 45 алаң тексерілді, олардың тоғызы талапқа сәйкес келмейді. Құжаттарды ТКШ бөліміне тапсырдық, енді олар мердігерлерді кепілдік міндеттемелері аясында барлық кемшіліктерді түзетуге міндеттейді, – дейді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің инспекторы Индира Исенова.

Өзгелердің жаңалығы