Қостанай облысында жол апатынан екі адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды
21 Қараша 2021, 15:19 114

Қостанай облысында жол апатынан екі адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Рудный-Қостанай тас жолында болған жол апатынан жүргізуші мен жолаушы оқиға орнында қаза тапты, тағы 4 адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

21 қарашада сағат 05.30 шамасында Рудный-Қостанай жолында 29 жастағы жүргізуші BMW маркалы автокөлігін алкогольдік масаң күйде басқарып, рульге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп 31 жастағы жүргізуші басқарған Audi көлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан «BMW» жүргізушісі мен жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды.

Алынған дене жарақаттарынан «Аудидің» жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды, тағы 2 жолаушы ауруханаға жатқызылды.

Жол-көлік оқиғасы бойынша Рудный полиция бөлімі 1-бап бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады.

BMW жүргізушісі ұсталып, Рудный қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қостанай облысының полиция департаменті жүргізушілерді жолдарда жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Жыл басынан бері 1400 мас жүргізуші ұсталып, 87 тұлғаға қатысты бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...