Қостанай облысында күріш кеспесі өндіріледі

16 Ақпан 2021, 13:15
2673
Бөлісу:
Қостанай облысында күріш кеспесі өндіріледі

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ерекше бизнес-жобаның авторы – Жітіқара қаласының тұрғыны Елена Кияшко. Күріш кеспесін өндіретін цех ашуға ол 4 млн 355 мың теңге көлемінде грант ұтып алды.

Бұл кәсіпкердің мемлекеттік бағдарламаларға қатысудағы екінші тәжірибесі. Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Бастау Бизнес» курсында оқыған Елена Кияшко өткен жылы суши-кафетерийге арналған үй-жай сатып алуға жеңілдікті несие алған еді. Ол мұнымен тоқтап қалмай, биыл кәсібін кеңейту үшін грантқа қатысуға шешім қабылдапты.

Әуелі ас үйде суши пісіріп жүрген едім, кейін шағын бөлмені жалға алдым. Кафеде екі-ақ үстел. Тапсырыс көп, орын аз. Мен жалғызбын. Кеңейту туралы ойлана бастадым. Осылайша «Бастау Бизнес» курстарына қатысып, соның арқасында 8,2 млн теңге жеңілдікпен несиеге қол жеткізіп, кеңірек дәмхана сатып алдым. «Неге өз өндірісімді ашпасқа?» деп тағы ойладым. Оның үстіне күріш кеспесіне сұраныс көп, бағасы да өте жоғары. Сөйтіп, кәсібімнің екінші тынысы ашылып жатыр, - дейді Елена Кияшко.

Кәсіпкер грант қаражатына қажетті құрал-жабдықтарды: қамыр илегіштерді, арнайы үстелдерді, тоңазытқыштарды және кеспе кескіштерді сатып алды. Енді бірер күнде цехты әктеу, сырлау жұмыстары аяқталады.

Күріш кеспесін өндіру технологиясын Екатеринбургтен үйреніп келдім. Біздің кеспе шетелден тасымалданатын өнімдерге қарағанда арзан болады. Өйткені көлік шығыны тым аз. Сонымен қатар біз күріш ұнын өзіміз жасаймыз. Бұл өндіріс құнын төмендетеді, дайын ұн өте қымбат, - дейді кәсіпкер ханым.

Кәсіпкер дәмханасының қажеттіліктері үшін де, сату үшін де кеспе шығарады. Кеспенің алғашқы партиясы нарыққа көктемде жол тартпақ.

Қоса кетейік, биыл «Бастау Бизнес» жобасы бойынша өңірдің 1 250 тұрғынын оқыту жоспарланып отыр.

Өзгелердің жаңалығы