Бас жаңалықтар
Нұр-Сұлтанда Kóshpendiler Álemi этномәдени фестивалі өтеді
13 Маусым 2019, 16:54 222

Нұр-Сұлтанда Kóshpendiler Álemi этномәдени фестивалі өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 28-30 маусым аралығында Елордада «Kóshpendiler Álemi» атты Көшпенділер этномәдениетінің кезекті IV халықаралық фестивалі өтеді.

Іс-шара «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ тарапынан Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт минстрлігі Туризм индустриясы комитеті тапсырысы бойынша, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

«Фестивалдің негізгі мақсаты – көшпенділердің тарихи және мәдени мұрасын насихаттау, ұлттық салт-дәстүрді, идеологияны, шайқас өнерін жаңғыртуға және мемелекеттер арасындағы мәдени қарым-қатынасты нығайтуға арналған платформа ретінде қалыптастыру. Іс-шара елімізге шет елдік туристерді тартатын және ішкі туризмнің дамуына оң әсерін тигізетін маңызды оқиғалардың бірі» - дейді ұйымдастырушылар.

Фестиваль концепциясы 2008 жылдан бері Венгрия Халық Республикасында өтетін Түркі халықтарының Үлкен Құрылтайының сәтті моделіне негізделген. Жобаның бас кеңесші ретінде Үлкен Құрылтайдың ұйымдастырушысы – белгілі ғалым-антрополог Андраш Биро бастаған "MadyarTuran" қоры қолғабыс етеді.

Фестиваль бағдарламасында: қатысушылардың Нұр-Сұлтан қаласы көшелерімен шеруі, кәсіби садақшылардың жарысы, көкпаршылар мен бүркітшілердің сайысы, сауыт-саймандары тарихи дереккөздерге негізделіп жасалған батырлар жекпе-жегі сонымен қатар, шабандоздардың өнері көрсетілетін болады.

Сайысқа қатысу үшін Қазақстанға Түркия, Әзербайжан, Бұлғария, Иран, Оңтүстік Корея, Қырғыз, Моңғолия және Өзбекстан командалары келеді.

«Фестиваль қонақтары көшпенділердің өмір салтын тарихына үңіліп көре алады. Әрбір қонақ фестивальде этномәдениеттің көпқырлылығын сезініп, халықтың өмірі мен салт-дәстүрлері туралы жаңа біліммен өздерін байытып, көшпенділердің тұрмысымен танысуға, қазақстандық қолөнершілерден мастер-класс алуға: киіз басу, былғарымен, күміспен, көзеші ұршығымен жұмыс істеуді үйрена алады. Фестиваль аясында көшпенділердің тарихымен Сақ, Қаңлы, Үйсін және Ғұн, дәуірлерінің костюмді көрсетілімі арқылы танысуға, бүркітшілердің шеберлігі мен аушы құстардың сұлулығына тамсануға мүмкіндік болады» - делінген ұйымдастырушылар таратқан ақпаратта.

Іс-шара қонақтарын бүкіл әлемге танымал этно-музыка орындаушыларының қатысуымен музыкалық бағдарлама күтеді.

Фестиваль Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы «Қазанат» ипподромының аумағындағы «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде өтеді.

Фото: дереккөз

Сізден жаңалық