Көші-қон қызметтері бір орталыққа шоғырланады

4 Ақпан 2019, 16:38
2546
Бөлісу:
Көші-қон қызметтері бір орталыққа шоғырланады

Қызылорда, BAQ.KZ. Қызылорда облысында өткен жылы мемлекеттік қызметтердің 83 пайызы электронды түрде көрсетілген. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 43 пайызға артқан. Ал, қағаз түріндегі көрсетілген қызметтер саны 38 пайызға азайған.

Мемлекеттік қызметтерге қолжетімділікті арттыру мақсатында облыстағы 3 жоғары оқу орнында және 29 колледжде студенттерге қызмет көрсету орталықтары жұмыс жасауда.

Сонымен қатар, жуырда Қызылорда қаласында көші-қон қызметтерін бір жерден көрсететін орталық ашылады.

Орталықтың ерекшелігі - көші-қон қызметтері "бір терезе" қағидаты бойынша көрсетіледі. Бұл өз кезегінде азаматтардың уақытын үнемдеуге, қызметтерді кедергісіз алуына мүмкіндік береді.

Орталықта шетелдік азаматтарды тіркеу, медициналық тексеруден өткізу, сақтандыру полисін ресімдеу, Қазақстан Республикасындағы еңбек қызметіне рұқсат алу үшін қажетті дактилоскопиялық тіркеуден өткізу, жеке сәйкестендіру номерін беру қызметтері көрсетіледі.

Бұдан бөлек, осы орталықта медицина қызметі, салық органдары, 2-ші деңгейлі банк өкілдерінің және «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы мемлекеттік қызмет көрсетеді.
Өзгелердің жаңалығы