Көші-қон және демография агенттігі қайта құрылуы керек – Ботагөз Уатқан

5 Желтоқсан 2021, 12:04
1905
Бөлісу:
Көші-қон және демография агенттігі қайта құрылуы керек – Ботагөз Уатқан

Алматы, BAQ.KZ. Бұл туралы Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының ардагері, зейнеткер Ботагөз Уатқан Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ұлы көштің 30 жылдық мерейтойына орай өткен жиында айтты.

«Отандастар қоры» ҚЕАҚ-ның ұйымдастыруымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен дөңгелек үстелдің мақсаты - этникалық көші-қон үрдісін саралап, атқарылған жұмыстарды талдап, алғашқы қандастар көшін ұйымдастырған ардагерлермен ой бөлісу.

Жиын барысында Б. Уатқан көштің алғашқы кезеңдері қалай басталғанын, оның ұйымдастыру жағы қалай іске асырылғаны туралы баяндады.

Моңғолиядан басталған көштің басы қасында болғанымды мақтан етем және де өзімді бақыттымын деп санаймын. Мен, Моңғолия Жастар одағы орталық комитетіндегі жауапты қызметімнен бас тартып, Моңғолия еңбек министрлігі жанындағы Еңбек бюросына жұмысқа орналастым. Алғашқы қазақ көші Қазақстан тәуелсіздігін жарияламай тұрған 1991 жылғы наурызда Моңғолия астанасы Ұланбатыр қаласы мен оның маңындағы аймақтардан басталды. Осы көшті ұйымдастырушылардың бірі ретінде көш тарихынан аздап айтар болсам; бастапқы кезде шетел паспорты Моңғолия сыртқы істер министрлігі тарапынан беріліп, кейін ІІМ-не өтті. Паспорт беру үшін адамдарды тізімге алған соң бір-екі күннің ішінде қолдарына паспорт беріліп, пойызға билет жазылатын, ешқандай қағаз бастылық болмады,-деді ол.

Оның айтуынша, көш кезінде тіпті, әскерге кеткен сарбаздардың өзін әскери борышын толық атқармай тұрып, әскерден босатып отырған. Тек моңғол киіз үйін шекарадан өткізу үшін лицензия алынып отырған.

Бұл бір ерекше көш болды. Еңбек шартымен деген желеу ғана. Еңбектеген баладан еңкейген қарияларға дейін осы санатқа енді. Моңғолия үкіметі тарапынан еш қиындық туындамады, оның себебі де жоқ емес. Сол уақытта Моңғолия Премеьр министрінің орынбасыр қызметін атқаратын ұлтжанды азамат Зардыхан Қинаят ағамыздың еңбегін зор деп атасақ, артық айтқандық болмас. Ол көші – қонның бас идеологы еді. Зардыхан аға өзінің «Жылаған жылдар шежіресі» кітабында егжей тегжейлі жазды,-деді Б. Уатқан.

Сонымен қатар ол 1992 жылдан бастап Моңғолияның батыс шекарасы айқара ашылып, Өлгий қаласының көк аспанынан күніне 12 ұшақ, 100-ден астам камаздар шаңдатып келіп, кетіп жатқан.

Моңғол достарымыз «Сендер бақытты қазақсыңдар, іздейтін, шақыратын елдерің бар» дегенде кеудеміз мақтанышқа толатын. Қазақстанның Тұүңғыш президенті Н.Назарбаевтың еңбегі орасан зор және де Еңбек министрі болған Саят Бейсенов, орынбасары Ғазиз Есмұқанов, бөлім бастығы Памир Камалиев, мамандар Марат Қонақбаев, Марат Тоқсанбаев, Құсайынова Ғалия, Ғазиз Жиенбаев, Серік Әбілқасымов, Мешітбек Дәрекеев, Мұхит Кәрімов, Ахмет Әбибеков, Бақберген Шықабаев және де Сыртқы істер министрінің орынбасары Сайлау Батыршаұлы, қала әкімі Заманбек Нұрқаділов, жазушы Шерхан Мұртаза, Қалдарбек Найманбаев т.т. көптеген азаматтардың еңбегін атауға болады. Сондай ақ, Қауымдастықтың Моңғолиядағы филиал жетекшісі Хабсатар Омар мен Павлодар филиалының басшысы Заут Болаттың еңбегін айта кеткен жөн,-деді ол.

Б. Уатқан 1991 жылы Моңғолиядан басталған көшті ұйымдастыру ісінде аянбай қызмет атқарып, небәрі төрт айдың ішінде 45 мың қазақтың атажұртқа қоныстануына зор үлесін қосқан.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығында қызмет атқарып жүрген уақытта атажұртқа қарай қандастар көшін Қытай, Ауғанстан, Иран, Саудия Арабия, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Ресейдегі қазақтардың көшіне жалғастыруға да зор үлесімді қостым. Қауымдастықта еңбек еткен 25 жылда СІМ, ІІМ, БҒМ, ЕХӘҚМ, Мәдениет министрліктерімен қоян-қолтық қарым қатынаста көптеген жұмыстар атқардық. Олар алуан түрлі. Шетелдегі қазақтар мен елге оралған қандастардың өтініш тілектерін тиісті орындарға жолдау, тегін консултация беру т.б. көптеген істер атқарылды. Мысалы: Қазақстанның ЖОО жанынан дайындық курсын ашу мәселесін ең алғаш Қауымдастық көтерген болатын. Соның нәтижесінде Кентау қаласында дайындық бөлімі ашылған еді. Осылай шетелден келетін жас жеткіншектерді елге шақыру, виза алуларына, олардың құжаттарын дайындауды да өз мойнымызға алып, аталмыш құжаттарды БҒМ-не өткізетін едік,-деді ол.

Сондай-ақ,ол Балдәурен балаларды сауықтыру лагеріне шетелдегі жас өспірімдердің балаларын демалдыру ісінде бала санын 20 дан 150 -ге жеткізгендерін атап өтті.

Алғашқы қазақ тіліндегі Көші-қон заңының алғашқы нұсқасы яғни жобасы Қауымдастықта жазылып, оны ары-қарай Ә.Ысқақ бастаған депутаттардың қолдауымен Парламентте жалғасын тапқанды. Өкінішке орай, кейбір Заңдар бір біріне қайшы, Көші-қон мәселесінде күрделенген проблемалар әлі де баршылық, оны реттеу үшін Көші-қон және демография агенттігі қайта құрылуы керек деп есептеймін. Ұсынысым: Көші-қон және демография агенттігін қайта құру жөнінде бүгінгі дөңгелек үстелден үкіметке үндеу жарияласақ,-деді Б.Уатқан.

Жиынға «Отандастар Қоры» КеАҚ вице президенті М.Сарбасов пен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РКБ төрағасының бірінші орынбасары З.Тұрысбеков, Ә.Алпысбай, Қ.Қобландин, Ә.Ысқақ, У.Қалижан, С.Балғабаев, М.Қонақбаев, М.Тоқсанбаев, А.Мақұлбекова, С.Ахмет, Д.Баймолда, Ж.Шәкенұлы, Б.Қинаят, А.Мұқибек, Қ.Бодаухан, Б.Бәміш, Б.Оспанқызы, О.Әділбекұлы, Р.Айып қатысты.

Өзгелердің жаңалығы