ҰБТ. Коронавирусқа шалдыққан түлек тестті қалай тапсырады?

15 Маусым 2020, 18:08
2078
Бөлісу:
ҰБТ. Коронавирусқа шалдыққан түлек тестті қалай тапсырады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар алаңында өткен онлайн брифинг кезінде егер тест тапсырушы коронавирус инфекциясын жұқтырып, ем-дом қабылдап жүрген болса, мұндай жағдайда түлек тестті қалай тапсыратынына қатысты жауап берді. 

ҰБТ тапсыратын әр пунктте кезекші аудитория қарастырылған. Қажетті жағдайда сол аудитория іске қосылады. Егер бойынан коронавирус инфекциясы анықталған түлек болса, онда ол тестті жалпы лектен жеке тапсырады. Алайда, мұның бәрі құзыретті органдардың шешімі арқылы жүзеге асырылады. Ал, біздің орталық өкілдері тиісті қорғаныш киімдерін пайдаланады. Дегенмен, біз ешбір түлек тест тапсырудан тыс қалмауын мұқият қадағалайтын боламыз, - деді ол.

Дидар Смағұлов түлектерден коронавирусқа қарсы ПТР тесттен өткендігін білдіретін анықтаманың сұралмайтынын айтты.

 Біз түлектерден ешқандай да ПТР тесттен өткендігін білдіретін анықтама талап етпейміз. Біз түлектерден тест тапсыру орталығына тек маскамен келуін сұраймыз. Аудиторияға кірерде оларға жаңа маска үлестіреміз. Сонымен қатар, түлектерден қолға медициналық қолғап киюді де талап етпейміз. Себебі, әр қабатта санитайзерлер орнатылады, оқушылар әрбір қабат сайын қолдарын сүрте алады. Түлектер ештеңеге қол тигізбес үшін әр аудиторияның есігі ашық тұрады. Бұл шаралардың барлығы құзыретті органдармен келісіліп жасалған, - деді Смағұлов.

Тестілеу орталығының директоры бүгінгі онлайн брифинг барысында биыл түлектерге бірқатар жеңілдік қарастырылғанын жеткізді. Сонымен қатар, Дидар Смағұлов биылғы ҰБТ ең әділ, ең ашық түрде өтетінін мәлімдеген болатын.

Өзгелердің жаңалығы