Коронавируспен күрес: Дүниежүзілік банк Қазақстанға 27 млн доллар бөлді

14 Мамыр 2020, 20:10
1761
Бөлісу:
Коронавируспен күрес: Дүниежүзілік банк Қазақстанға 27 млн доллар бөлді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дүниежүзілік банк коронавируспен күрес үшін Орталық Азия елдеріне 370 миллион долларға жуық қаражат аударды. Оның 27 млн долларын Қазақстанға бөлді. 

Дүниежүзілік банк COVID-19 пандемиясына қарсы қаражатты тез арада жұмылдыра білді. Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтерімен бірге біз денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, COVID-19 ауруының экономикалық ықпалын азайту мақсатында қосымша қаражат бөлу үшін 9,7 млрд АҚШ долларын құрайтын аймақтағы инвестициялық портфелімізді қайта қарап жатырмыз, - деді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы аймақтық директоры Лилия Бурунчук онлайн брифингте.

Оның айтуынша, бұл қаражат медициналық жабдықтарды, яғни тестілеу жиынтықтарын, лабороториялық реагенттерді, реанимация бөлімшелеріне арналған жеке құралдарды, медициналық қызметкерлерге арналған жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға жұмсалады.

Сонымен бірге Орталық Азияның жекелеген елдерінің басымдығына қарай қаражат үкіметтерге халықтың әлсіз топтарын әлеуметтік тұрғыда қорғауды қамтамасыз ететін бағдарламаларды кеңейтуге, қашықтықтан білім беру жүйесін ретке келтіруге және пандемия салдарын азайту аясында басқа мәселелерді шешуге жол ашады.
Әлемдік экономика COVID-19 пандемиясына байланысты дағдарысты бастан өткеріп отыр. Біз Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі ең ауыр экономикалық дағдарыстың алдында тұрмыз. COVID-19 салдарын төмендету үшін аймақтағы мемлекеттер жедел әрекет етіп, дағдарыстан шығу процесін жоспарлауды бастап, экономикалық өсімді қалпына келтіру бойынша нақты шаралар мен құрылымдық реформаларды айқындауы керек, - дейді Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы жетекші экономисі Ивайло Изворски. 

2020 жылдың 14 мамырындағы жағдай бойынша Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы COVID-19 әсерін азайтуға бағытталған шаралар пакеті бекітілді. Қазақстанға аймақтарда індет жұқтырған науқастарды емдеу үшін өкпені жасанды желдететін 236 аппарат сатып алуға 10 млн долл. бөлінді. Бұған қоса өкпені жасанды желдететін 123 аппарат пен өзге де медициналық жабдықты сатып алуға 17 млн доллар аударылды.

Банк денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға Тәжікстанға 11,3 млн доллар, ал Қырғыз Республикасына 21 млн доллар аударса, Өзбекстанға 95 млн доллар аударды. Сондай-ақ Дүниежүзілік банк салық түсімдерінің едәуір қысқарып, үкіметтің пандемияның әлеуметтік-экономикалық салдарын жұмсарту бағдарламасы аясында шығыстардың күтпеген жерден ұлғаюы жағдайын ескере отырып, бюджетті қосымша қаржыландыру үшін тағы 200 млн доллар бөлді. Сонымен қатар, Өзбекстандағы шұғыл медициналық көмек жүйесін жетілдіру жобасы аясында 17 млн доллар аударды.
 
Орталық Азия елдеріне індеттің жағымсыз экономикалық салдарын азайтуға көмектесу үшін Дүниежүзілік банк аймақтың үкіметтерімен бірлесіп, жағдайды бағалай отырып, ресурстарды қайта бөлу және қайта ұйымдастыру мақсатында жобалардың бәрін зерттейді. Дүниежүзілік банк ұлттық экономикаларды қалпына келтіру үшін қосымша қаражатты жұмылдыруды жоспарлап отыр. Оның көмегі халықтың табысын қолдауға, мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығын дамытуға, әлеуметтік қорғау қызметтерін көрсетуге, цифрлық экономиканы дамытуға, ақпараттық деректерді басқаруға бағытталады.
Өзгелердің жаңалығы