Бас жаңалықтар
Коронавируспен ауырып, кейін вакцина алғандардың иммунитеті он есеге дейін артады – Алмаз Шарман
23 Шілде 2021, 16:40 582

Коронавируспен ауырып, кейін вакцина алғандардың иммунитеті он есеге дейін артады – Алмаз Шарман

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Медицина ғалымы, биомедициналық және медициналық-демографиялық зерттеулердің, халықаралық денсаулық сақтау және аурухананы басқару саласының маманы, Америка Денсаулық сақтау Қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман онлайн брифинг барысында коронавирус неліктен жылдам тарап жатқанын айтты.


Оның айтуынша, елдегі эпидахуал асқынып, жағдай қауіпті болып тұр. Мәселен, бүгін 6 мыңнан астам адамның коронавирус жұқтырғаны анықталған.

 
Жағдай өте қауіпті, эпидемия асқынып барады. Өлім-жітім көбейіп, науқастар ауруханаға көптеп түсе бастады, сондықтан барлығымыз қауіпті індетке қарсы тұра білуіміз керек. Бұл жағдайда вакцина алу өте маңызды,-дейді профессор.

 
Ол сонымен қатар вирустың таралуы неліктен шарықтап кеткенін түсіндірді.


Қазақстан халқының 16%-ы ғана вакцинаның екі компонентін алған, бұл өте аз. Яғни халықтың 85 пайызы әлі вакцина алмаған. Бұл вирустың тез таралуына жағдай жасап отыр. Әсіресе оны коронавирустың «дельта» нұсқасы жақсы пайдаланып отыр. Оның таралу жылдамдығы өте жоғары. Вирусы бар науқас оны тағы 5-6 адамға жұқтырып жатыр. Адамдардың вакцина алмауы мен тез таралатын штаммның кесірінен науқастар саны артты. Сондықтан вакциналау жұмысын жылдамдатқан жөн,-дейді А. Шарман.

 
Оның айтуынша, қазір коронавируспен күресте вакцинаның әсері мол. Коронавируспен ауырып, кейін вакцина алғандардың иммундық жүйесі күшейе түседі.


Коронавирспен ауырып, кейін вакцина алғандардың иммунитеті 10 есеге дейін жоғарылағаны анықталды. Сондай-ақ вакцина алып, бірақ вирус жұқтырғандар сырқатты жеңіл өткергені айтылып жатыр. Оларда да иммунитет он есеге дейін артады, яғни иммундық жүйе әлсіремейді, керсінше күшейеді,-деді ол.


Сонымен қатар ол вакцина алғандарды қауіпсіздік шараларын сақтап, маска тағып жүруге шақырды.


Арқаны кеңге салуға болмайды, сіздер ауырмағанымен, вирусты тасымалдап, жақындарыңызды, әсіресе егде жастағы адамдарға жұқтыруларыңыз мүмкін,-дейді профессор.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...