Коронавирус. Ресей сырқаттар саны бойынша алғашқы үштікте

12 Мамыр 2020, 23:10
1067
Бөлісу:
Коронавирус. Ресей сырқаттар саны бойынша алғашқы үштікте

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 12 мамыр кешкі дерек бойынша, Ресейде кейінгі күні 11 мыңнан астам адамға коронавирус жұқты. Бұл туралы елдегі коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб хабарлады.

Вирусты жұқтырғандар саны 232 243 адамға жеткен Ресей Ұлыбритания мен Италияның алдына шығып, үшінші орынға көтерілді.

АҚШ-тағы Джон Хопкинс университетінің мәліметінше, Ұлыбританияда 226 463 адамнан, ал Италияда 221 216 адамнан коронавирус табылған. Инфекциясын жұқтыру бойынша бірінші орында АҚШ тұр. Мұнда 1,4 млн-ға жуық адамнан вирус табылды. Ал екінші орында тұрған Испанияда 269 520 адамнан қатерлі індет анықталған. Ресейде қазірге дейін коронавирустан 2116 адам қайтыс болды. Жазылғандар саны - 43 512 адам.

Financial Times басылымының жазуынша, Ресейде COVID-19 вирусынан қаза тапқандар саны ресми мәліметтен 72 пайызға көп болуы мүмкін.

Ресми дерек бойынша, сәуір айында Мәскеу мен Санкт-Петербургте коронавирустан 629 науқас көз жұмған. Ал басылымның жазуынша, сәуірде екі қалада өлім-жітім деңгейі соңғы бес жылдағы орта көрсеткіштен 72%-ға жоғары болып, 2073 адамды (Мәскеуде - 1841 адам, Санкт-Петербургте - 232 адам) құраған. Financial Times "вирустан қаза болған 1444 адам есепке қосылмай қалған" деп санайды.

Мұның алдында Мәскеудегі АХАЖ мекемесі 2020 жылғы сәуір айында қайтыс болғандар санын жариялаған. Онда Мәскеуде сәуірде 11846 адам қайтыс болғаны көрсетілген. Мәскеуде бір айда қайтыс болғандар саны соңғы 10 жылда алғаш рет 11 мыңнан асқан.

Ал Қазақстан бойынша қатерлі індетті жұқтырғандар саны 5279 болса, жазылып шыққандар - 2223, көз жұмғандар саны 32-ге жетті.

Өзгелердің жаңалығы