Коронавирус: Нұр-Сұлтанда 10 науқастың жағдайы әлі де ауыр халде

19 Мамыр 2020, 12:48
2029
Бөлісу:
Коронавирус: Нұр-Сұлтанда 10 науқастың жағдайы әлі де ауыр халде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы коронавирустық инфекцияның ағымдағы жағдайы туралы онлайн брифинг барысында Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Сәуле Қисықова науқастардың жағдайы туралы айтып берді.

Өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 36 жағдай тіркелді. Оның ішінде 21 науқас індет жұқтырған адамдармен тікелей байланыста болған. 9 жағдай стационарда жатқан науқастарда белгілі болса, 1 науқас ауданнан жұқтырып келген болып шықты және 5 адам жедел жәрдем қызметінің көмегімен ауруханаға әкелген сәттен анықталды, - деді спикер.

Ол қазіргі таңда қалалық ауруханаларда 1022 науқас ем қабылдап жатқанын айтты.

Оның 67 пайызы коронавирус жұқпасынан ем алушылар. Соңғы ақпаратқа сәйкес, елордада коронавирусты 1287 адам жұқтырғаны белгілі болды. Оның 84-і - 18 жасқа дейінгі балалар. 1287 науқастың 62 пайызы ер, 38 пайызы әйел адамдар, - деді Сәуле Қисықова.

Сонымен қатар, ол науқастарды жастарына сәйкес саралап берді.

Науқастардың жастарына сәйкес қарастыратын болсақ, ең көп ауырғандар 18-49 жас аралығындағылар, олар 76 пайызды құрайды. 50-69 жастағылар 16 пайызды құраса, 70-тен асқандар - 2 пайыз, балалар болса, 6 пайызды құрап отыр, - деді Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау бөлімінің басшысы.

Айта кету керек, ауырғандардың 47 пайызы бүгінгі таңда жазылып, 14 күндік үй карантиніне жіберілген.

Қазіргі таңда ауруханаларда 10 науқас тұрақты ауыр халде деп есептеледі. Оның екеуі жасанды өкпе желдеткішіне қосылған. Емдеу бекітілген хаттамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Қалғандарының халі қанағаттанарлық, емдеу жалғасуда, - деді бөлім басшысы.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау бөлімінің басшысы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 75 мың  ПЦР-тестілеу жүргізілгенін айта кетіп, 5 вирустық зертхана жұмыс істейтінін жеткізді.

Өзгелердің жаңалығы