Коронавирус. Бейнеуде белгісіз дерт белең алып тұр

18 Мамыр 2020, 21:20
1521
Бөлісу:
Коронавирус. Бейнеуде белгісіз дерт белең алып тұр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ляззат Есенғалиева қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында мәлімдеді

Бүгінде Бейнеу ауданы мен Боранқұл ауылында эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз. 2020 жылдың 30 сәуірінен бастап, күні бүгінге дейін 64 науқас тіркеліп отыр. 1 науқас емделіп шықты.

Маңғыстау облыстық ауруханасының инфекциялық бөлімінде – 33 науқас, Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында - 15 адам, Бейнеу аудандық ауруханасында – 59 адам ем алуда. 85 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, 22 адам орташа ауыр деп бағалануда. 4 адам қалыпты ауыр жағдайда – дейді Ляззат Есенғалиева.

Вирус жұқтырғандардың 85-інен ауру белгілері мүлде байқалмаған. Олардан вирус тексеру барысында, сараптама нәтижесінде анықталды.

Айта кететін жәйт, ҚР бас дәрігерінің қаулысы бойынша ауру белгілері байқалмаған науқастарды үйлеріне 3 күннен кейін 3 талап орындалса ғана жіберуге болады делінген.

Біріншіден, емделушінің үйінде пульсоксиметр деген адам тынысын есептейтін құрылғы болу керек. Екіншіден, арнайы дәретханасы бар бөлме болуы керек. Үшіншіден, бірге тұратын адамдардың жазбаша келісімі болу шарт. Бүгінгі таңда Ақтау қаласы бойынша 2 науқас осылай емделуде. Оларға 14 тәулік өткен соң қайтадан ПЦР анализдерін тапсырады. Сараптама теріс нәтиже берсе, жазылды деп анықтама берілетін болады. Дәрігерлердің айтуынша, ауру белгілері байқалмаған науқастарға ем-дом шаралары жүргізілмейді. Бірақ, олар "індет тасымалдаушы" болып саналғандықтан, міндетті түрде оқшаулану керек, – дейді ол.

Маңғыстау облысында 2020 жылдың 18 мамырындағы ақпарат бойынша Covid-19 инфекциясымен 161 науқас тіркелді. Тіркелген науқастардың тұрғылықты жері бойынша Бейнеу ауданы – 64, Қарақия ауданы - 31, Жаңаөзен қаласы бойынша – 23, Ақтау қаласы – 22 және Маңғыстау ауданы -7, Мұнайлы ауданы – 6 , Түпқараған ауданы Ақшұқыр елді мекені – 3, сондай-ақ, 5 адам өзге өңірлерден келгендер. Бүгінгі таңда 55 адам жазылып шықты, оның ішінде 13 бала бар, Мұнайлы ауданының 1 тұрғыны қайтыс болды.

Айта кететін жәйт, аталған індетті жұқтырған науқастар арасында "Тенгиз Шевройл" қызметкерлері 25 адам, балалар саны 33. Өкінішке қарай, медицина қызметкерлері арасында жиырмаға жуық қызметкер індет жұқтырған. Оның ішінде 3 дәрігер бар. Бүгінде олар стационарда ем алып жатыр. Вирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлемақы төлеу үшін комиссия құрылып, арнайы сараптама өткізгеннен кейін шешім қабылдайтын болады.

Өзгелердің жаңалығы