Бас жаңалықтар
Коронадағдарыс салдарынан елімізде кедейшілік деңгейі өскен
01 Наурыз 2021, 18:14 305

Коронадағдарыс салдарынан елімізде кедейшілік деңгейі өскен

Алматы, BAQ.KZ. Биыл әлемдегі пандемия салдарынан болған коронадағдарыс елде кедейшілік деңгейін арттырып жіберді. 

Ресми мәліметтер бойынша, пандемияға дейінгі кедейшілік деңгейі 4,2%-ға дейін төмендеген болатын. Ал кейінгі мәліметтерге сүйенетін болсақ, коронадағдарыс салдарынан кедейшілік деңгейі 5,7%-ға өскен. Бұл дегеніміз 18,8 млн халықтың ішінде 1 млн-нан астам адам кедейшілік деңгейінде деген сөз. 

Бұл туралы экономист, GSB бизнес талдау орталығының директоры Мақсат Халық өзінің телеграм каналында жариялады.

Оның айтуынша, 2020 жылдың шілде айында Дүниежүзілік банктің «Дағдарысты еңсеру» атты Қазақстан экономикасы туралы баяндамасында еліміздің кедейшілік деңгейі жоспарланған 8,3%-дан 12,7%-ға артуы мүмкін деп болжам жасаған. Бұл статистика шындыққа әлдеқайда жақын көрінеді.

Дүниежүзілік банктің есептеулеріне сүйенетін болсақ, егер де халықтың табысы күніне 5,5 доллар, яғни айына 70 мың теңге болса, онда кедей азаматтар қатарына қосылуы керек. Ал Қазақстанда кедейшілік деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейімен есептеледі. Елімізде ең төменгі күнкөріс деңгейі 2020 жылы 32 668 теңге, қазір 2021 жылы 34 302 теңге болды. Егер еліміздегі кедейшілік деңгейін Дүниежүзілік банк бойынша қарасақ, екі еселенеді, яғни 1 млн-нан астам адам емес, 2 млн-нан асып тұр. Осы орайда неміс ғалымы Энгель «Халықтың тұрмыс деңгейі төмендеген сайын азық-түлік шығындары артады. Ал керісінше табыс деңгейі артқан сайын демалыс шығындары артады деген тұжырымы шындыққа айналады. Ал біздің халық табысының 54%-ын азық-түлікке жұмсайды, ал Еуропада бұл көрсеткіш 10-12%-дың арасында. Тіпті кейбір дамыған ел табысының 8%-ын ғана азық-түлікке жұмсайды, - дейді ол.

Мемлекетті кедейшілік деңгейі бойынша бөлуде, назар аударатын бір көрсеткіш, бұл - ЖІӨ (Жалпы ішкі өнім). ЖІӨ - мемлекет территориясындағы барлық өндірушінің белгілі бір кезең ішінде өндірген түпкі тауарлары мен көрсеткен қызметтерінің нарықтық құнын білдіретін жиынтық көрсеткіш.

Осыған сәйкес еліміздегі жан басына шаққандағы ЖІӨ 10 мың долларға жетпейді екен. 2013 жылы бұл көрсеткіш 13,6 мың долларға жеткен. 2015 жылдан бастап теңгенің құнсыздануы салдарынан жан басына шаққандағы ЖІӨ 7 мың долларға дейін құлаған. Ол уақыттан бері қарай әлі 10 мың долларға жетпей келеді. Әлемдік стандарттар бойынша 20 мың доллардан жоғары болса, бай елдер, 10 мың доллардан жоғары болса, табысы орташа елдер, төмен болса, кедей елдер деп танылады екен. Ал 2 мың доллардан төмен болса, өте кедей елдер санатына жатқызылатын көрінеді.

Мемлекеттің алдындағы басты міндет - халықтың жалақысын арттыру. 2021 жылдан бастап бюджеттік қызмет саласының мамандары мұғалімдердің жалақысын 25%-ға, дәрігерлер жалақысын 30%-ға арттыру көзделіп отыр. Бұл - мемлекет тарапынан қабылданған дұрыс шешім. Тұтынушылық себетте соңғы өзгеріс 2006 жылы болған, оның ішінде 43 тауар бар. Сол кезеңнен бастап әлі де оның құрамы өзгерген жоқ. Салыстыра айтсақ, Ресейде 150-ден астам, ал Еуропада 250-ден басталып, тіпті кейбір елде 700 тауарға дейін жетеді, - дейді ол.

Сарапшының мәліметінше, көрші Ресейде 2021 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейі тұтыну себетіне байланысты болмайды деген шешім қабылдаған.  

Ресей елінің Еңбек министрлігі күнкөріс минимумын шартты тұтыну себетіне байланыстырудан бас тартуды және бұл көрсеткішті жан басына шаққандағы орташа медиандық табыстың 44,2%-ы ретінде есептеуді қолға алып жатыр. Бұл ұсынысты біздің елге де қолдануға болады. Ұлттық статистика бюросы 2020 жылы қазақстандықтардың жалақысын зерттеу қорытындысын ұсынды. Оған сәйкес орташа медиандық жалақы 142,3 мың теңге. Яғни онда  еліміздегі ең төменгі күнкөріс деңгейі 62 896,6 теңге, ал ең төменгі жалақы 50%-ы деп алсақ, ол күнкөріс шегінен жоғары болуы қажет 71 150 теңге болып шыға келеді. Ал дамыған елдерде ең төменгі күнкөріс шегі медиандық табыстың 50-60 пайызын құрайды екен, - деп жазды экономист.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...