Кореяда оқитын қазақстандық студенттердің саны мыңнан асты

8 Желтоқсан 2021, 18:01
1713
Бөлісу:
Кореяда оқитын қазақстандық студенттердің саны мыңнан асты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада «Қазақстандық оқулықтардағы Корея туралы контент» тақырыбында екі ел сарапшыларының қатысуымен семинар өтті.

Бұл іс-шара Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігі мен Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр.

Семинардың мақсаты – қазақстандық оқулықтардағы Корея тақырыбын талдау, талқылау.

Бүгінгі семинарда сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Корея Үкіметі 2003 жылдан бері Білім министрлігіне қарасты Корейтану орталық ғылыми зерттеу институтына сүйене отырып, шетелдік оқулықтарға талдау жүргізіп келеді. Ондағы мақсат – шетелдік оқулықтардағы, әсіресе, география, дүниежүзі тарихында Кореяға қатысты қате айтылған мазмұндарды түзетіп, мүмкіндігінше мазмұнын толықтырып, соңғы 30 жыл ішінде қарқынды дамып келе жатқан Кореяның саясаты, экономика, қоғам және мәдениет салаларына қатысты шынайы ақпаратты беру, - деді Қазақстандағы Корея елшілігінің миссия басшысының орынбасары, министр-кеңесші Чой Дэхун.

2003-2020 жылдар аралығында барлығы 139 елде 5 212 оқулық қайта қарастырылды.

Кореяда оқитын қазақстандық студенттердің саны 2011 жылы 276 адам болса, 2019 жылы 1 034 студентке жетті. Соңғы уақытта корей тілін оқитын студенттердің саны айтарлықтай өсіп келеді. Бұған әрине BTS, «Кальмар ойыны», «Паразит» сияқты корей фильмдері, K-POP, корей сериалдарының танымалдылығы үлкен үлес қосты. Оған қоса, Қазақстан мен Корея халықтарының арасындағы эмоционалдық ұқсастықтар және корей диаспорасының да әсері бар деп ойлаймын, - деп атап өтті Чой Дэхун.

Ол осындай достық ынтымақтастықтың берік негізі бар екі жақты қарым-қатынастың күшейе түсуі үшін екі ел арасындағы өзара түсіністікті арттыру маңызды болып отырғанын айтты.

Бұл семинар Қазақстанның болашағын қалайтын студенттерге Корея туралы нақты ақпарат беру арқылы екі ел арасындағы білім алмасуды ілгерілетуге, сонымен қатар әр түрлі салалардағы өзара ынтымақтастықты кеңейтуге негіз болады. Корейтану орталығы ғылыми зерттеу институты мен Қазақстан Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы 2019 жылы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, екі ел арасындағы оқулықтар саласындағы ынтымақтастықтың негізін қалады, - деп айтты Корея елшілігінің миссия басшысының орынбасары семинарда.

Ол 2022 жылы Қазақстан мен Корея арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы