Бас жаңалықтар
Кореяда қылмыс жасаған қазақстандыққа қатысты жаңа деректер айтылды
16 Қазан 2019, 10:58 2836

Кореяда қылмыс жасаған қазақстандыққа қатысты жаңа деректер айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров баланы қағып кетіп, өз еркімен Оңтүстік Кореяға барған қазақстандықтың ісіне қатысты түсініктеме берді.

"Кореяда кішкентай баланы қағып кетіп іздестіруде болған азаматымыз өз еркімен Сеулге келді. Қазір ол Чанбон қаласындағы тергеу изоляторында. Бүгін консулымыз тергеушімен және азаматымызбен кездеседі. Біз оның барлық құқығы сақталуын және қорғалуын қадағалаймыз. Адвокат не Корея тарапынан мемлекет есебінен, не азаматтың өз есебінен жалданады. Елшілік оған жақсы адвокат табуға тырысады. Қандай жағдай болса да азаматтар дипломаттар қорғауында екенін еске саламыз. Олар бұл мәселені ерекше бақылауға алды", - деді Смадияров СІМ кулуарында.

Ол қазақстандыққа қатысты қылмыстық іс қозғалғанын, тергеушімен кездескен соң қандай жазаға тартылатыны белгілі болатынын айтты.

"Қандай да бір қорытынды шығармастан бұрын тергеу жұмыстары мұнымен айналысады. Сот болады. Қылмыстық іс қозғалды. Бүгін тергеушімен кездескен соң қандай жаза қолданатыны белгілі болады. Ол Кореяда бір жылдан аса уақыт заңсыз жүрген. Қылмыс жасаған кезде қорқып, Қазақстанға қашып келген. Жас жігіт 20 жаста ғана. Жағдайды түсініп, оқиға орнына өз еркімен келген", - деді ол.

Жігіттің әпкесі де Кореяда заңсыз жүрген, сонда жұмыс істеген. Жол-көлік апатына әпкесінің қатысы жоқ. Қазір ол Қазақстанға келіп, туған үйіне бара жатыр. 

Оның сөзінше, жол-көлік апатынан зардап шеккен баланың жағдайы жақсарып келеді.  

Сондай-ақ, СІМ өкілі Корея тарапы қазақстандықтардың келуіне шектеу қояды деген ақпаратқа түсініктеме беріп, мұндай ақпарат министрлікке келмегенін айтты. 

1 қыркүйектегі корей тарапы берген мәлімет бойынша Кореяда заңсыз 10785 қазақстандық жүр.

Айта кетейік, Қазақстаннан кеткен жиырма жасар еңбек мигранты Оңтүстік Кореяда кішкентай баланы көлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткені туралы хабарланған болатын. Кейін айыптының елден қашып кеткені де анықталды. Жеті жасар бала жансақтау бөліміне түскен. Оның 18 жері сынып, басынан жарақат алған. Зардап шеккен бүлдіршінге күрделі ота жасалды. Қашып кеткен жігіт 14 қазан күні тергеу іс-шараларына қатысу үшін Сеул қаласына өз еркімен ұшып келгені белгілі болды.


Фото: дереккөз
Загрузка...