Бас жаңалықтар
Корея мен Жапония Елбасыға не сыйлады?
PHOTO
19 Қаңтар 2021, 20:01 395

Корея мен Жапония Елбасыға не сыйлады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы музейінің жаңа ғимаратында кітапхананың музей жинағынан «Әсемдіктің, үндестік пен сұлулықтың нышаны» атты қор көрмесі ашылды. 

Көрмеге фарфордан, керамикадан, шыныдан, металдан жасалған құмыралар қойылған. Олардың арасында 30 жыл ішінде Елбасыға сыйға тартылған түрлі елдердің құмыралары қойылған. Көрмеге Ресей, Жапония, Корея, Түркия, Тәжікстан, Қытай, Өзбекстаннан берілген сыйлықтар қойылған.

Айта кетейік, көрмеге Қазақстандағы бірнеше елдің елшіліктерінің өкілдері, елшілері де қатысты.

Бүгінгі көрмеде әлемдік жауһарлар қойылған. Бұл Елбасының өте беделді екенін және Елбасыға деген сыйластықты көрсетеді, - деді Жапонияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаи.

Сонымен қатар, ол көрмеге қойылған жапондықтар сыйға тартқан сыйлық туралы айтып берді.

Бүгін көрмеден екі жапон ыдысын көруге болады. Оның біріншісін Елбасыға Цукуба университеті сыйға берген екен. Ал екінші вазаны біздің премьер-министр сыйлаған. Жапон ұлтына тән екі қасиет бар. Оның бірі – салтанат, екіншісі – қарапайымдылық. Осы көрмедегі екі ваза осы екі қасиетке тән. «Салтанат» ұғымы түсінікті. Ал «қарапайымдылық» бұл – біз өте қарапайым дүниелерді жасаған кезімізде әдемілік, сұлулық элементтерін қосуымыз. Менің ойымша, осы қарапайымдылықты көрсетеді. Сондай-ақ, вазада көріп тұрғандарыңыздар, жылқы бейнеленген. Бұл қазақ халқына деген сый-құрметті білдіреді. Біз үнемі қазақ пен жапон ұлты бір тамырдан тарағанын айтып жүреміз, - дейді дипломат.

Сонымен қатар, Қазақстандағы Корея елшілігінің Корей мәдени орталығының директоры Ли Херан ханым да өз пікірімен бөлісті.


Бүгін аталған көрмеге қатысып отырғаным үшін өте қуаныштымын. Көрмеде қойылған жұмыстардың арасынан Корея вазасын да байқадым. Жаңа музейді бүгін бірінші рет аралап отырмын. Алайда музей өткен жылы ашылғанын естідім. Қазір бүгін өтіп жатқан көрмені ғана емес, сондай-ақ ғимаратта орналасқан басқа да экспонаттарды тамашалауға мүмкіндік туды, - деді директор.
Оның айтуынша, көрмеге қойылған жұмыстың бәрі өте әдемі, көз тартарлық.

Бұл жұмыстар жаңа технологиямен жасалғаны көрініп тұр. Корей вазаларын Елбасыға Саммит кезінде, ал екінші ваза Highvill құрылыс компаниясы сыйға тартқан. Ал үшінші жұмыс Қазақстандағы Корей елшісінің сыйы. Дегенмен корей ұлтының мәдениетіне жататын жұмыс екенін бірден байқадым. Бұл вазалар Чосон кезеңінен келе жатқан экспонаттар, - деп түсіндірді Ли Херан.

Сондай-ақ, Корей мәдени орталығының директоры осы жылы көктем немесе жаз айларында музейде Ли Ын Намның авторлығымен «Медиа өнер» тақырыбында көрме өткізу жоспарда бар екенін айтты.


Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Загрузка...