Қордайлықтардың жағдайын жақсартуға 35 млрд теңге бөлінген

30 Қазан 2020, 01:01
1185
Бөлісу:
Қордайлықтардың жағдайын жақсартуға 35 млрд теңге бөлінген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысының әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті жиында Мемлекет басшысының Қордай ауданын әлеуметтік-экономикалық дамыту жөніндегі тапсырмаларының орындалу мәселелері қаралды, деп хабарлайды Жамбыл облысының әкімдігі.

Аудан әкімі Рүстем Дәулет жалпы сомасы 35,1 миллиард теңгені құрайтын 392 жобаның 366 нысанында жұмыс аяқталғанын жеткізді. Қалған нысандар жыл соңына дейін аяқталмақ. 4627 жұмыс орны құрылған.

«Жобалар «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл - Ел бесігі», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында жүзеге асырылуда. Мектептер, тұрғын үйлер, мәдени және спорт мекемелері, денсаулық сақтау нысандары, жолдар салынуда, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тартылып, ауылдар газ және су жүйелеріне қосылуда», - деді Р.Дәулет.

7,4 шақырым жаңа автомобиль жолдары салынып, 343,6 шақырым жол жөнделген. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 90 пайызға, ал ауылішілік көшелердікі 75 пайызға жетті.

Тоғыз ауылда (Қаракемер, Масанчи, Сортөбе, Бұлар батыр, Аухатты, Қордай, Әлжан ана, Қарасай, Еңбек) көшелер асфальтталып, 373 жол белгілері орнатылды. Жол-көлік оқиғаларының саны 39,7 пайызға азайды.

- Баспана мәселесі де шешімін табуда. Аудан бойынша 1524 тұрғын үй кезегінде тұр десек, бес көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілген. Тағы екі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында тағы 15 үй салынуда, - деді Р. Дәулет.

Жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгеге төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Ауылдарда жеті спорттық және сегіз ойын алаңдары орнатылған.

- Ауданда үш білім беру мекемесі салынуда.

Апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесі толығымен шешілетін болады, - деді ол.

Төрт мектеп және үш денсаулық сақтау мекемесі күрделі жөндеуден өтті.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев 22 ауылда газбен қамту жұмыстары жүріп жатқанын жеткізді. Бүгінгі таңда 10 ауылға магистральды газ құбыры тартылуда десек, Қарасу мен Өтеген ауылдары көгілдір отынға қосылып үлгерді. Қалған сегіз ауылда ауылішілік желілер тартылуда.

Қазіргі таңда Отар аулының маңынан автоматтандырылған газ тарату стансасы салынуда. Бұл жобаның құны 1 миллиард теңгеден асады.

«Құрылысы жоспарланған 175 шақырымдық газ құбырының 84 шақырымы тартылып үлгерді. Жыл соңына дейін тағы 12 ауылды, сондай-ақ Гвардейский қалашығында салынып жатқан иммундық препараттар шығаратын зауытты да газға қосу жоспарлануда», - деді Қ.Қорғанбаев.

Биыл орталықтандырылған ауыз сумен қамту жүйесі төрт ауылға тартылады. Осы мақсаттарға облыстық және республикалық бюджеттен 1,7 млрд. теңге бөлінді.

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов «Бейбітілік пен Келісім» жобасының іске асу барысын баяндады. Жоба аясында өткізілген кездесулер кезінде 16 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, 18 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға жіберілген. Тағы 44 адам бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы жұмысқа орналасыпты.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарамасы аясында 222 миллион теңгеге жеті жоба субсидияланды, 121,5 миллион теңгеге жеті жобаға ішінара несиелік кепілдіктер берілді.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеті жобаға жалпы құны 119,7 млн.теңгені құрайтын қаржылық қолдау көрсетілді.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша 72 кәсіпкер 296,2 млн.теңгеге несие алса, 584 ауыл тұрғынына жалпы 314,1 млн.теңгеге гранттар берілді. 250 ауыл тұрғыны «Бастау бизнес» бағыты бойынша оқытудан өткен.

Жаз маусымында қордайлық 500-ге жуық отбасы ауыл шаруашылығымен айналысу үшін уақытша көрші Шу ауданына аттанса,  117 отбасы - Алматы облысына, 74 отбасы - Қарағанды облысына барған.

«Мемлекет басшысының қолдауының арқасында қордайлықтардың әл-ауқатын жақсартуға  айтарлықтай көлемді қаражат бөлінуде. Ауылдықтардың өздеріне жасалып жатқан қамқорлықты сезінуі маңызды. Аудан тұрғындарының 95 пайызынан астамы газбен қамтамасыз етіледі, 88 пайызы орталықтандырылған таза ауыз суға қол жеткізеді, жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі үлесі 90 пайызға жетті. Ең маңызды мәселе – газдандыру.  Бұл мәселені шешу аймақ экономикасын көтеруге, кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді», - деді облыс әкімі.

Бердібек Сапарбаев ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтау және нығайту бағытындағы жұмыстар негізгі басымдықтардың бірі болып қала беретінін ескертті. Сонымен қатар, жұмыссыздық, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелеріне де баса назар аударуды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы