Бас жаңалықтар
Қордай ауданының әкімі былтырғы жанжалдан қандай сабақ алғандарын айтты
PHOTO
21 Сәуiр 2021, 19:05 210

Қордай ауданының әкімі былтырғы жанжалдан қандай сабақ алғандарын айтты

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қордай ауданының әкімі Рустем Дәулет былтырғы қақтығыстан үлкен сабақ алып, елдің тыныштығы ең басты мәселе деген ойын айтты.

Басты мәселе халықтың бірлігі, елде тыныштық болса, экономика дамиды, әлеуметтік проблема да шешімін табады. Сондықтан осы бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз, - дейді әкім.


Сондай-ақ ол былтырғы Қордай оқиғасынан кейін ауданда көптеген іс атқарылғанын айтты.

Былтыр Қазақстан Президенті ауданға келіп, халықпен кездесу өткізді. Сол кезде шешімін таппай жатқан көптеген әлеуметтік мәселе айтылды. Президенттің тапсырмасынан кейін Үкімет үлкен қолдау жасады. Сөйтіп былтыр аудандағы 390 жобаға 35 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Нәтижесінде көп жылдан бері халықтың арманына айналған газ тарту мәселесі шешімін тапты. 11 млрд теңге бөлініп, 27 елді мекенге газ тартылды. Осылайша аудан тұрғындары 95 пайызға газбен қамтылды. Одан кейін жол мен инфрақұрылымды жөндеуге 6,9 млрд теңге бөлінді. Жаңадан 7,4 шақырым жаңа жол салынды. Аудандағы 40 км жолға орташа жөндеу жүргізілді. 9 елді мекеннің ішкі көшелері толығымен асфальтталды, - деді ол.


Сондай-ақ көшені жарықтандыру, абаттандыруға да көп көңіл бөлінген. Оған қоса 3 мектепке,  4 сауықтыру орталығына жөндеу жұмысы жүргізіліпті.

Аудандағы егіс алқабын үлкейтуге де көңіл бөлінді. Екі үлкен су қоймасын салуға шешім шығарылды. Өйткені көрші Қырғыз елінен суға тәуелділік бар. Сондықтан бұл тұрғыдағы мәселе де шешілді. Ол да халыққа демеу болды, - деді Дәулет.


Сонымен қатар ол жанжалдан кейін бүлінген мүлікті қалпына келтіру бойынша арнайы комиссия құрылып, шығынды есептегенін айтты.


Негізінен аздап зақымдалған 100 нысан демеушілердің көмегімен қалпына келтірілді. 


Сондай-ақ 53 нысанға арнайы қорлардан 213 млн теңге бөлінді. Оған қоса Масаншы ауылында балаларға арналған спорт алаңы ашылды. 


Тағы 600 орынды мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қаракемер ауылында 20 пәтерлі үй мен медициналық амбулатория салынды.

Биыл қазақ сыныптарына барған оқушылар саны да артты. Оның үстіне қазақ тілін үйрену қурсын аштық. Сондай-ақ имамдар үйі ашылды, онда мешіт имамдары да қазақша үйреніп, уағыздар айта бастады, - деді әкім.


Бұған дейін Масаншы ауылының бүгінгі келбеті қандай екенін хабарлаған болатынбыз.

Фото: автордан
Загрузка...