Бас жаңалықтар
Көпбалалы отбасылар үшін әлеуметтік карта жасақталады
05 Наурыз 2019, 12:12 755

Көпбалалы отбасылар үшін әлеуметтік карта жасақталады

Орал, BAQ.KZ тілшісі. Батыс Қазақстан облысында Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында нақты жұмыстар атқарылуда.

Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында Президенттің тапсырмасы бойынша тұрғындарды баспанамен қамту, жұмысшылардың жалақысын көтеру, экономиканы цифрландыру, денсаулық саласын жандандыру және жастарға сапалы білім беру бойынша аймақта нақты жобалар қолға алынады. Бұл туралы облыстық мәслихаттың үлкен залында облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы БҚО филиалының төрағасы Алтай Көлгінов мәлім етті.

Бүгінде әлеуметтік жұмыстар облыстың барлық ауданында қолға алынған. Батыс Қазақстан облысында 20 көпқабатты үйдің құрылысы жүруде. Жыл соңына дейін ауылдық елді мекендерде де 70 шақты жеке тұрғын үй өз иесін табады. Аймақ басшылығының жоспарына сәйкес 2025 жылға дейін өңірде 8 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтылмақшы. Аймақта 21 мыңдай тұрғын атаулы әлеуметтік көмек алатындар санатында. Президент тапсырмасына сәйкес олардың барлығына да нақты қолдау мен көмек көрсетілетін болады.

«Бүгінгі таңда Шыңғырлау ауданында аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін әлеуметтік карта жасақталуда. Осы әлеуметтік картаның негізінде ауданда қанша көпбалалы отбасы бар, оларды қандай мәселелер толғандырады соны анықтаймыз. Съезден кейін өңірімізде осындай отбасыларды қабылдап, олардың мәселелеріне көңіл аудардық. Белгіленген тапсырмаға сәйкес, 1 шілдеден бастап аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін атаулы әлеуметтік көмекті беру, жәрдемақыларды өсіру мәселелері қозғалды. Осы тапсырмаға сәйкес біздің ауданда да жүйелі жұмыстар жүргізілетін болады», - дейді «Nur Otan» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Светлана Бәйтенова.


Фото: автордан

Сізден жаңалық