Көпбалалы отбасыға төленетін жәрдемақы барлығына бірдей берілуі керек пе? – Министр жауап берді

27 Қыркүйек 2021, 16:37
5412
Бөлісу:
Көпбалалы отбасыға төленетін жәрдемақы барлығына бірдей берілуі керек пе? – Министр жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің баспасөз орталығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов көпбалалы отбасыға төленетін жәрдемақы барлығына бірдей берілуі керек дегенге қатысты пікірін білдірді.

Табыстарына қарамастан көпбалалы отбасыларға әр баласы үшін 4 АЕК төлеу жәрдемақысы енгізілгеннен кейін, қоғамда мұндай көмек барлық анаға, яғни балалардың санына қарамастан көрсетілуі керек деп айта бастады. Себебі олар көпбалалы отбасылар сияқты бала тәрбиесі үшін шығындалады. Мұндай жәмдемақы енгізілуі мүмкін бе? – деп журналист сұрақ жолдады.

Қазақстанда аналар мен балаларды қорғау үшін кешенді жоспарлар қабылданған. Заң жүзінде де. Оның ішінде, мысалы, жүктілік кезінде және бала туу мәселесі бойынша арнайы жәрдемақылар қарастырылған. Сонымен қатар бала өмірге келгеннен кейінгі біржолғы жәрдемақы мен баланы бір жылға дейінгі күтіп ұстауына қатысты жәрдемақылар толығымен төлінеді, - деп айтты Шәпкенов.
Министр 4 баладан жоғары немесе көпбалалы аналарды қолдауға қатысты мәселеге де тоқтала кетті.
Бұл жәрдемақы түрі былтырдан бастап енгізілді. Оның негізгі себептері – еліміздегі демографиялық жағдайды көтеру мәселесі. Екіншіден, көпбалалы аналардың табыс деңгейін өсіру. Себебі, бәріміз білетіндей, бір отбасыда бір бала болса, онда жан басына шаққанда оның табысы басқаша және бұл отбасы 4 не одан да көп бала тәрбиелеп отырса, онда жан басына шаққандағы табысы бір бөлек болады. Сондықтан олардың жағдайын жақсарту мақсатында осындай жәрдемақы енгізілген болатын, - деп толықтырды ведомство басшысы.
Оның айтуынша, министрлік жәрдемақы енгізілген кезде де және қазіргі таңда да 4 балаға берілетін жәрдемақыны барлығына бірдей қолдану жөнінде мәселені қарастырып жатқан жоқ.
Өзгелердің жаңалығы