Конкурстық іріктеуді бұзған 7 мемлекеттік қызметшіге айыппұл салынды

10 Шілде 2019, 22:01
1713
Бөлісу:
Конкурстық іріктеуді бұзған 7 мемлекеттік қызметшіге айыппұл салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтау қаласында конкурстық комиссия мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына мемлекеттік қызметке алғаш рет немесе қайтадан кіретін азаматтардың арасында іріктеу жүргізу барысында заңбұзушылықтарға жол берген, деп хабарлады ҚР МҚІжСЖҚІҚА Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі. 

Осы орайда, Ақтау қаласы әкімі аппаратына қарасты тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің бас мамандарына уақытша бос орындарға жалпы конкурс өткізу кезінде конкурс комиссиясы әлеуметтік демалыстағы (бала күтіміне дейінгі) бас маман лауазымдарының орны бос емес екендігін ескерместен, үміткерлермен әңгімелесу өткізген.

Бұдан басқа, хабарландыру конкурс жариялаған мемлекеттік органның, әңгімелесуге жіберілген кандидаттардың тізімі мен әңгімелесуді өткізу кестесі, конкурс комиссиясының шешімі интернет-ресурстарына орналастырылмаған.

Бұл заңсыздықтарды аумақтық департамент басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Н.Жанназарова аталған конкурстарға байқаушы ретінде қатысу барысында анықтаған.

"Кейбір лауазымды тұлғалар заңсыздықпен келіспей, дау сотта қаралды. Нәтижесінде, конкурстық комиссия мүшелері Ақтау қаласы әкімінің орынбасарлары Д.Бегендиков пен Ж.Аубакировке және лауазымды тұлғалар Б.Балиұлына, Қ.Ақыбаевқа, Н.Курманбаеваға, Ш.Сармухановаға және Ф.Мустафинаға (2 әкімшілік іс) Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 99 бабы, 1 тармағына сәйкес,конкурстық іріктеу рәсімін бұзғандары үшін, барлығы 181802 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынып, мемлекет бюджетіне өндірілді", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Бұл жағдайда, комиссия мүшелері тарапынан конкурс өткізу талаптарын сақтамай құлықсыздық танытса немесе комиссия жұмысының ашықтылығы мен объективтілігі қамтамасыз етілмесе, әрбір комиссия мүшесінің материалдық жағдайына кері әсері болатындығын ескерген жөн.

Биылғы жылы департаментпен конкурс рәсімін бұзғаны үшін 14 мемлекеттік қызметшіге қатысты әкімшілік жаза белгіленіп, мемлекет бюджетіне барлығы 295 427 теңге өндірілді.

Өзгелердің жаңалығы