Композитор Кеңес Дүйсекеев дүниеден озды

9 Шілде 2020, 16:08
3059
Бөлісу:
Композитор Кеңес Дүйсекеев дүниеден озды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев дүниеден озды.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева Кеңес Дүйсекеевтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтты.
Белгілі өнер саңлағы, әйгілі композитор Кеңес Дүйсекеевтің қайтыс болуына байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қазақ музыка өнерінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірген атақты композитордың шығармалары, әндері мен әуендері туған халқының жадында, жұртының жүрегінде мәңгі сақталатыны ақиқат. Композитор Кеңес Дүйсекеев "Гүлдер" ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, "Қазақконцерт" бірлестігінің музыка жетекшісі, Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы сияқты жауапты басшылық қызметтерді атқара жүріп, артына мол шығармашылық мұра қалдырды. Марқұмның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Пейіште нұры шалқысын, - деп жазды ол. 

Кеңес Дүйсекеев 1946 жылы 10 ақпанда Қызылорда облысында дүниеге келген. Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Алматы консерваториясын бітірген. 1974-1976 жылдары "Гүлдер" ансамблінің бас дирижері және музыка жетекшісі, 1976-1979 жылдары "Қазақконцерт" гастрольдік-концерт бірлестігінің музыка жетекшісі, 1975-1984 жылдары Қазақ теледидары музыка редакциясының бас редакторы болып қызмет атқарған. Дүйсекеевтің жетекшілігімен "Тамаша", "Халық - талант қайнары", "Шабыт", "Жастарға арналған музыкалық кештер", "Музыка әлемінде", т.б. телевизиялық бағдарламалары шығарылды.
Өзгелердің жаңалығы