Бас жаңалықтар
«Композитор» фильмі Шанхай кинофестивалінде 2 жүлдеге  ие болды
25 Маусым 2019, 11:54 290

«Композитор» фильмі Шанхай кинофестивалінде 2 жүлдеге ие болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ХХІІ Шанхай халықаралық кинофестивалінде «Композитор» көркем фильмі 2 марапатқа лайық деп танылды, деп хабарлады "Қазақфильмнің" баспасөз қызметі.


ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен қытайлық «Shinework Pictures» компаниясы түсірген алғашқы қазақ-қытай бірлескен жобасы осы жылдың басында Пекин халықаралық кинофестиваліне қатысқан болатын. Картина режиссерлары: Қазақстан тарапынан – Сәбит Құрманбеков, Қытай атынан – Шерзат Якуб.

Композитор Бақытжан Байқадамовтың жиенінің рөлін сомдаған жас қазақстандық актриса Ділнәз Нұрсейіт «Үздік жаңа есім» аталымында қытайлық CCTV-6 телеарнасының жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар, «Композитор» фильмінің продюсерлік тобы да ұйымдастыру комитетінің құрметті сыйлығын алды. Қытайлық бас продюсер Джонатан Шенде марапатқа ие болды.

Фильм Кеңес Одағы кезіндегі қытайлық композитор Сянь Синхайдың өмірі мен шығармашылығы, Алматыға эвакуацияланған шағы туралы баяндайды. Сонымен бірге, қазақ композиторы Бақытжан Байқадамовпен достығын көрсетеді.

2017 жылдың 8 маусымында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньнің Қазақстанға жасаған сапары аясында қол қойылған бірлесіп киноөндірісті  жүргізу туралы мемлекетаралық келісім негізінде аталған киножоба іске асқан болатын. 

Картинаның түсірілімдері 2017 жылы өтіп, фильмнің біраз бөлігі Қазақстанда түсірілген. «Композитор» фильмі 2019 жылдың 17 мамырынан бастап Қытайда, ал 6 маусымнан бастап Қазақстанда прокатқа жіберілді.

 

 


Фото: дереккөз
Загрузка...