Бас жаңалықтар
Коммерциялық емес ұйымдар қандай салықтан босатылады?
23 Қараша 2020, 18:52 217

Коммерциялық емес ұйымдар қандай салықтан босатылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ІХ Азаматтық форум барысында ҚР ҚМ МКК төрағасының орынбасары Қайрат Жұмағұлов коммерциялық емес ұйымдарға салық салудың тәртібі туралы түсіндіріп өтті.

Ол атағандай, коммерциялық емес ұйымдарға салық салудың жеке тәртібін қолдану мақсатында талаптар белгіленген. Мұндай ұйымдарға табыс табу және пайда бөлу мақсаты жоқ қоғамдық бірлестіктер, қорлар және басқа да құрылымдар кіреді. 

Коммерциялық емес ұйымдар қызметінің ерекшелігін ескере отырып, корпоративтік табыс салығы салынбайтын бірқатар кіріс қарастырылған. Мұндай босатылған кірістерге кіру және мүшелік жарналар, кез келген өтеусіз алынған мүлік, оның ішінде гранттар, демеушілік немесе қайырымдылық көмек, сондай-ақ басқа да бірқатар кіріс жатады. Коммерциялық емес ұйымдардың жекелеген санаттары әлеуметтік саладағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін көзделген жеңілдікті ережелерді қолдануы мүмкін. Егер әлеуметтік саладағы қызмет бойынша кірістер жылдық жиынтық кірістің кемінде 90%-ын құраса, онда салық төлеушілер есептелген корпоративтік табыс салығын толық азайта алады. Салық салудың мұндай тәртібі медициналық қызмет көрсету, білім беру, ғылым, мәдениет және басқа да әлеуметтік бағыттағы ұқсас салалардағы қызмет бойынша қолданылады. Кейбір ерекшелігімен дербес білім беру ұйымдары да КТС-тен (Корпоративтік табыс салығы) босатылады, - деп атап өтті Қайрат Жұмағұлов.

Оның сөзінше, 2019 жылы КТС бойынша декларацияны 516,6 млрд теңге сомасында жалпы кірісі көрсетілген 21 748 коммерциялық емес ұйым табыс етті. Салық салынатын табыс 36,1 млрд теңге сомасында анықталды және 9,1 млрд теңге сомасында КТС-тен босату қолданылды.

Коммерциялық емес ұйымдарда ҚҚС бойынша міндеттемелер есепке қою шегіне (30 000 АЕК) жетпеуге байланысты туындамайды, бірақ «тазалық» және сенімділік мақсатында айналымдарды тікелей босату көзделген. Олар демеушілік көмек алушылар үшін, арнайы әлеуметтік қызметтер бойынша, білім беру қызметтеріне, діни жоралар мен рәсімдер бойынша, мәдениет саласында әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар өткізу бойынша, бірқатар ғылыми-зерттеу қызметі, мүгедектер ұйымдары, медициналық көмек. Аталған айналымдар бойынша 2019 жылы 30,3 млрд теңге сомаға ҚҚС-тан босатуды пайдаландық, - деді МКК төрағасының орынбасары.

Жұмағұлов баяндағандай, әлеуметтік салық бойынша жеңілдік салық салу объектісінен гранттар қаражаты есебінен жүргізілетін төлемдерді алып тастау түрінде берілген.

Активтерді иелену кезінде коммерциялық емес ұйымдар салықтан босату немесе төмендетілген салық ставкасы түрінде салықтық артықшылықтарға ие. Айта кетсек, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері бір жеңіл автокөліктен және бір автобустан көлік құралдарына салынатын салықтан толық босатылады. Діни бірлестіктер жер салығынан және мүлік салығынан босатылды. «Коммерциялық емес ұйымның» анықтамасына жататын ұйымдардың көпшілігі салық кодексіне сәйкес жер салығын 0,1% коэффициентін қолдана отырып есептейді және мүлік салығын салық базасына 0,1% ставка бойынша есептейді, - деп айтты ол форум кезінде.

2019 жылы 1 684 төлеуші – коммерциялық емес ұйымдардың жер салығы бойынша 5,6 млн теңгеге, мүлік салығы бойынша 114,7 млн теңгеге жеңілдік қолданылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай қаржы вице-министрі Руслан Енсебаев бюджеттің ашықтығы туралы айтып берді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...