Колледждің бас есепшісі 8 млн теңгені заңсыз алған

1 Қазан 2020, 15:45
2110
Бөлісу:
Колледждің бас есепшісі 8 млн теңгені заңсыз алған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аграрлық колледждің бас бухгалтері 8 миллионға жуық ақшаны өзінің жалақысына заңсыз қосып алған. Бұл туралы Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл фактіні Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің қызметкерлері Аққайың ауданының Аграрлық колледжіне аудиторлық тексеріс жүргізу кезінде анықтаған.

Аудит қорытындысы бойынша колледжге анықталған бұзушылықтарды жоюға және бұған жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарауға нұсқама жіберіліп, 7 млн 940 мың теңге бюджетке толық көлемде қайтарылды. Аудит материалдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментіне жолданды, - делінген хабарламада.
Қаржы министрілігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті 2020 жылдың 8 айында 1090 аудиторлық іс-шара өткізген. 167 589,7 млн теңге сомасына қаржылық бұзушылықтарды анықтап, оның қазіргі кезде 96%-ға жуығын жойған.

Мемлекеттік аудит органдары бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын қадағалауды жалғастыруда, әсіресе, пандемияға орай дағдарысқа қарсы шараларға бөлінген қаражаттың аудиті ерекше бақылауға алынған.


Өзгелердің жаңалығы