Қостанайда колледждерге арналған екі жатақхана салынбақ

10 Мамыр 2019, 12:27
2445
Бөлісу:
Қостанайда колледждерге арналған екі жатақхана салынбақ

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанайда колледждерге арналған 500 орындық екі жатақхана құрылысы жоспарлануда. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк мәлімдеді.

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес әлеуметтік бастаманың бірі – жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту. «2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын. Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді», - деген болатын Н.Назарбаев.

Облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк осы тапсырмаға сәйкес, өңірде атқарылатын жұмыстар туралы баяндады.

«2019 жылы үш колледждің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін облыстық бюджеттен 80,5 млн теңге бөлінді. Атап айтсақ, Лисаковтағы техникалық оқу орны мен Рудныйдағы құрылыс және транспорт, кен-технологиялық колледждері. Сондай-ақ, Елбасының үшінші бастамасын жүзеге асыру аясында 500 орындық екі бірдей жатақхана құрылысы жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжаттары сараптамаға жіберілді. Қорытынды нәтижесі шілде айында дайын болады», – деді Василий Цымбалюк.

Басқарма басшысы облыста колледждерді біріктіру жұмыстары жүріп жатқанынан да хабардар етті. Оның айтуынша, өткен жылы Торғай аграрлық-техникалық және Арқалық политехникалық колледждері біріктірілсе, биыл Қостанай құрылыс-техникалық колледжіне қаладағы кәсіптік-техникалық оқу орны қосылады.

Өзгелердің жаңалығы